17.11.2016
Палата «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын толық қарады. Республикалық бюджет кірістері (трансферттерді ескермегенде) 2017 жылы - 4 338,2 млрд теңгені, 2018 жылы – 4 562,3 млрд теңгені, 2019 жылы 4 877,2 млрд теңгені құрайды.
Ұлттық қордың үш жылға арналған кепілдендірілген трансферті жыл сайын 2 880,0 млрд теңге немесе 8 млрд АҚШ доллары көлемінде белгіленген.
Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2017 жылы - 8,56 трлн теңге, 2018 жылы – 8,37 трлн теңге, 2019 жылы 8,75 трлн теңге сомасында жоспарланған.
«Бюджет тапшылығының көлемі 2017 жылы - 578,1 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 1,2 %-ын, 2018 жылы – 539,6 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 1 %-ын, 2019 жылы 577,1 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 1 %-ын құрайды», - делінген хабарламада.
Талқылау барысында сенат мүшелері заң жобасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында сумен жабдықтау және су тарту салаларындағы; Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында көлік саласындағы, соның ішінде автомобиль жолдарын қайта жаңарту; Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендерді газдандыру салаларындағы жобалар бойынша оң шешімдер қабылданды.
Еліміздің ішкі қауіпсіздігін күшейту мақсатында Ұлттық ұланды техникалық жарақтандыруға қосымша қаражат бөлу ұсынылды.
Заң жобасы Сенат түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.