19.10.2016
«Осы заң жобасының атауын өзгертуге болады. Мысалы, оны қылмыстың жекелеген түрлерінен зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу туралы деп атауға болар еді. Заң жобасының мәні Қор емес, зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу. Заң жобалары, атауынан бастап мазмұнына дейін, қарапайым адам оны оқып шығып, не туралы екенін түсінетіндей дайындалуы тиіс. Бастысы, заңдар адамдар үшін жазылуы тиіс», - деді Н. Нығматулин ҚР Қаржы министрі Бахыт Сұлтанов «Зардап шеккендерге өтемақы төлеу қоры туралы» заң жобасын бірінші оқылуында таныстырғаннан кейін.
Қаржы министрінің айтуы бойынша, заң жобасы қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен адамдардың жекелеген санаттарына ақшалай өтемақы төлеу үшін құқықтық негіздерді айқындайды. Осылайша, санаттар Қылмыстық кодекстің 62-бабы бойынша айқындалған.
«Заң жобасы құқық қорғау органдары тиісті іс-шаралар жүргізетін алғашқы уақытта зардап шеккендер үшін ең төмен қолдау болып табылатын ақшалай өтемақы мөлшерлерін белгілейді.
Көрсетілген өтемақыны кейіннен прокуратура органдары кінәлі адамнан өндіріп алуы тиіс», - деп ақпараттандырды Б. Сұлтанов.
«Төлем құралы Зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу қоры болып табылады. Оның құрылуы қолданыстағы Қылмыстық-іс жүргізу кодексінде көзделген. Қордың жұмыс істеу тетігі Қазынашылықтағы бақылау шоты арқылы іске асырылады. Бұл ең үнемді схема. Қордың заңды тұлғасы, басқару органдары, әкімшілік шығыстары, шығындары болмайды», - деді ведомство басшысы.
Өтемақы мөлшерлері заң жобасында белгіленген.
Парламент Мәжілісінің депутаттары заң жобасын бірінші оқылуында мақұлдады.
Ботагөз Айтжанова