05.02.2015
«Сатып алу жолын жеңілдету үшін заң жобасы арқылы мемлекеттік сатып алулардың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу көзделіп отыр. Яғни, «алдын ала іріктеу әдісін пайдалану арқылы конкурс өткізу» және «электронды дүкен» атты екі жаңа әдіс енгізу көзделуде», - деп хабарлады Б.Сұлтанов.
Қаржы министрі түсіндіріп өткендей, алдын ала іріктеу өткізу арқылы сатып алу жүргізу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде тауар жеткізушілердің тізімі қалыптасса, екінші кезеңде тапсырыс беруші осы тізімге енген тауар жеткізушілері арасында сатып алу жүргізетін болады.
«Байқаудың аталмыш түрі барлық байқаулардың мәселесін шешіп береді, осыған дейін өткен байқауларға білікті жеткізушілердің құжаттарының қайталануына жол бермейді», - деді Қаржы министрлігінің басшысы.
«Ал, электронды дүкен арқылы нақты стандарттық талаптары бар тауарларды сатып алуға болады. «Электронды дүкен» веб-порталдағы ақпараттық форманы толтырып, тіркелген тауар жеткізушілер арасынан қалыптасатын болады», - деді Б.Сұлтанов.
Министр мәлім еткендей, э»лектронды дүкен» сатып алу мерзімін барынша қысқартады (2 күн ішінде – агенттік).
Сондай-ақ, жаңа заң бойынша аукцион мен байқауды өткізудің жолдары жеңілдетіледі.
«Мәселен, байқауға қатысуға өтінім білдіру мен бағалық ұсыныс бірге беріледі. Ол байқау кезеңдерінің созылуын қысқартады», - деді ол.
Индира Қауметова