19.12.2014
Сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы шартты ратификациялады. Құжат туралы баяндаған ұлттық экономика министрі Е.Досаев төрт еркіндікті: тауарлар, капитал, қызмет көрсетулер және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жағдай жасауға бағытталған келісімдерге Арменияның қосылуы Шарттың негізі болып табылатынын атап өтті. Шарт күшіне енген күннен бастап Армения Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады және Шартта көзделген міндеттерді өзіне қабылдайды. Қосымша баяндама жасаған сенатор Е.Сағындықов құжатты қабылдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге өздерінің халықтарының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде экономикалық ықпалдасуды одан әрі дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сенаторлар сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов ұсынған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қызметін тоқтату туралы шартты да ратификациялады. Құжаттың мақсаты Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың, сондай-ақ оның органдарының қызметін 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап тоқтату болып табылады.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарағаннан кейін, регламентке сәйкес өзгерістер мен толықтыруларды Мәжіліске жіберді.
Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады. Заң жобасымен 12 кодекс пен 107 заңға кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жетілдіруге, оның ішінде кәсіпкерлерді жоспарлы тексеруді жоюға, шағын бизнес субъектілерін таратудың оңайлатылған тәртібін енгізуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Мәселен, қызметін тоқтататын салық төлеушінің салық органының тарату тексеруін жүргізуі не аудиторлық ұйымның қорытынды жасауы жолымен таратылуды таңдау құқығы болады.
Одан басқа, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін күшейту үшін заң жобасымен кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтын енгізу және басқа да түзетулер ұсынылды. Жан-жақты талқылаудан кейін Палата заңды қабылдады. Сөз алған сенатор Е.Нығматулин Парламентке берілген құжаттардың сапасына, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған заңдарға енгізілген түзетулердің жиілігіне заң жобасын әзірлеушілердің назарын аударды. «Кәсіпкерлік қызмет заңдар тұрақты болғанда қарқындай түседі», - деді сенатор. Сенат Төрағасы депутатқа қолдау білдірді. «Сенатордың талдауға құрылған сөзінде айтылған ескертпелерді Үкімет ескереді деп сенемін», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.