11.12.2014
Салалық комитеттің қорытындысында атап өткендей, суландыру және сусіңгіш жүйені жетілдіру жобасының екінші фазасы (бұдан кейін - ССЖЖ-2) трансшекаралық өзендердің (Сырдария, Шу, Талас пен Іле) бассейндерінде ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық тұрмысын жақсартуға бағытталған.
«ССЖЖ-2 жүзеге асырудың есептік құны 339,5 млн долл, оның ішінде ХҚҚДБ 102,9 млн долл қарызға алынса, республикалық бюджеттен қосымша - 236,6 млн долл қаржыландыралады. Берешекті өтеу 2022 жылдан бастап 10 жылға созылады. Жобаны аяқтау 2021 жылдың 31 желтоқсанына жоспарланған және жеңілдік мерзімі белгіленген», - деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
ССЖЖ-2 Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы жалпы көлемі 113 мың га суармалы жерді қамтиды.
Келісім Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылдың 17 сәуіріндегі №804 Жарлығымен мақұлданып, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан 2014 жылдың 29 сәуірінде қол қойды.
Камила Амирова