05.12.2014
«Бүгінде елордада 250 мыңнан астам жас бар. бұл қала халқының 31 пайызын құрайды. Сонымен қатар 79 жастар ұйымы тіркелген. Олардың жұмысына шамамен 55 мыңдай адам араласады. Барлық ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру орындары мен мектептердегі жастармен белсенді жұмыс жасалуда. Аталмыш білім ошақтарында шамамен 100 мыңдай жас оқып жатыр», - дейді Т. Рахманберді.
Айта кету керек, жастар саясаты мәселесі мемлекеттің басты стратегиялық бағыттарының бірі болды және осылай қала бермек. Биылғы Жолдау аясында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасы дер кезінде назарға алынды. «Жастар саясаты саласындағы бүгінгі жағдайды ескере отырып заң мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін өзі басқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында келісілген тиімді жастар саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін біріңғай құқықтық алаң қалыптастырмақ», - дейді ол.
Сонымен қатар, Елордалық жастар саясаты басқармасы жетекшісінің айутынша, осы орайда жастарды әлеуметтік бейімдеу тұрғысынан көптеген шаралардың атқарылуы тиіс. «Қазіргі таңда әкімдік жанында жастар мәселесімен айналысатын екі мекеме жұмыс істейді. Олардың құқықтық мәртебелері заң жобасында көрсетілген. Атап айтар болсақ, олар биыл құрылған «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы мен Мемлекеттік жастарды қолдау қоры», - дейді.
Оның айтуынша, жастар ресурстық орталығы базасында жұмыспен қамту мәселесі бойынша мобильді орталық қызмет етеді. Ол жас мамандар мен оқу орындарының түлектеріне тұрақты жаңартылмалы база ұсынып отыр. «Кәсіп таңдау кезінде кеңес беретін кешенді бағдарлама дайындалды. Нәтижесінде, тек жаздың өзінде 106 жас маман жұмысқа тұрса, 532-сі тағылымдамаға жіберілді»,- дейді.
Индира Қауметова