24.10.2014
«2020 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 1,4%-на дейін төмендету жоспарланған. Бұл мемлекеттік қарызды қажетті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Республикалық бюджет жобасында 2017 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 1,7 %-на дейін төмендету көзделген»,- деді М. Құсайынов.
Вице-министр атап өткендей, үш жыл бойынша шығындар көлемі тапшылыққа қатысты шектеулерден жасақталды. Оның айтуынша, шығындарға әлеуметтік сала бойынша ұсыныстарды жүзеге асыру енгізілген , сонымен қатар, оның ішінде азаматтық қызметкерлердің жалақысын төлеудің жаңа үлгісі, жалақыны, жәрдемақы мен шәкіртақыны көтеру де бар.
«2014 жылдың қазан айынан бастап әлем нарығындағы мұнайдың бір баррелі 84 долларға дейін арзандады, осы ретте макроболжам мен 2014 жылдың бюджеттік параметрлері қайта нақтыланды»,- деп толықтырды ол.
Вице-министрдің айтуынша, мұнай табысын Ұлттық қорға жинау және оны жаратуды шектеу арқылы сақтау жоспарлануда. 2015-2017 жылдарға арналған кепілдемелік трансферттердің жыл сайынғы көлемі 1 трлн 702 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
Камила Амирова
Суретті түсірген Азамат Алиев