17.10.2014
«Жаңадан сайланған депутаттарды Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың атынан құттықтай келіп, Сенат Төрағасы еліміздің заң шығару жүйесін жетілдірудегі сенаторлардың жемісті қызметі үшін алғыс айтты, сондай-ақ оларды Сенаттың Құрмет грамотасымен марапаттады», - деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев аса жауапты және мәртебелі қызметке кіріскелі отырған әріптестері өздерінің терең білімі мен бай тәжірибесін Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясында айқындалған маңызды міндеттерді жүзеге асыруға аянбай жұмсайтынына сенім білдірді.
Күн тәртібіне сәйкес, сенаторлар Сенаттың тұрақты комитетерің саны мен атауы туралы мәселелерді талқылады, сондай-ақ тұрақты комитеттердің төрағалары мен мүшелерін сайлады.
Серік Ақылбай - Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің, Рашит Ахметов - Қаржы және бюджет комитетінің, Икрам Адырбеков - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің, Талғатбек Абайділдин - Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің, Ақан Бижанов – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің, Сергей Плотников – Аграрлық мәселелер, табиғатты қорғау және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағалары болып сайланды.