22.09.2014
«Бюро отырысы барысында 2014 жылғы 25 қыркүйекте болатын Палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібіне ұсыныстар енгізілді», - деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарау жоспарланып отыр.
Бюрода сондай-ақ Мәжілістен келген заң жобалары бөлініп берілді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Түркі Академиясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болды.