12.09.2014
«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 11 қыркүйекте кандидаттарды тіркеу аяқталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының 16 мандатына облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары ұсынылған 88 үміткердің 53-ін тіркеді», - деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.
Парламент Сенатының депутаттығына бес өңірде 4 кандидаттан тіркелді. Қалған 11 өңірде 3 үміткерден тіркелді.
Ұсынылған кандидаттардың 18-і сайлау додасынан шығып қалды.
Заңнамада бөлінген мерзім ішінде қажетті құжаттарды ұсынбауына байланысты 17 үміткерді тіркеуден бас тартылды.
Қызмет түрі бойынша: 4-і Парламент Сенатының депутаты (2005 жылы қызметтегі сенаторлардың 11-і, ал 2008 және 2011 жылдары 7 сенатор дауысқа түсті), 22-сі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындардың және мекемелердің қызметкерлері, 16-сы коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, 9-ы ғылым, мәдениет, білім беру және денсаулық қорғау қызметкерлері.
Сайлау науқаны сайлау заңнамасына сәйкес өтуде.
Өткен кезеңнің ішінде Ортсайлаукомға 2 өтініш келіп түсті. Олардың біреуі Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібін реттейтін сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіруді талап етеді.
Екінші өтініште Сенат депутаттығына тіркелген кандидаттардың бірінің сайлау науқанына қатысы жоқ іс-әрекеттеріне шағым қамтылған. Екі өтініш те қаралды. Өтініш иелеріне уақтылы жауап берілді.
12 қыркүйектен бастап Сенат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар Күнтізбелік жоспарға сәйкес 2014 жылғы 29 қыркүйектегі 24.00 сағатқа дейін жүргізілетін сайлау алдындағы үгітке кірісе алады.
Барлық кандидаттарға үгіт жұмысын жүргізу үшін тең жағдайларға кепілдік берілген.