11.09.2014
Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, қызу пікірсайыстан кейін сенаторлар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжат судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге; кандидаттарды судья лауазымына конкурс арқылы іріктеудің рәсімін жетілдіруге; кандидаттарды судья лауазымына конкурс арқылы іріктеу кезінде жұртшылықтың рөлін күшейтуге, басшы судья лауазымына кадр резервінің рөлі мен маңызын арттыруға бағытталған.
Палата Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
«Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары мен судьялар қызметіне кандидаттарды іріктеп алу кезінде ескерілетін қосымша критерийлер енгізуді көздейтін түзетулер енгізіледі.