18.06.2014
Жиналысқа қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева индустриялық даму біздің еліміздің тұрақты экономикалық өсуінің негізі екенін атап өтті.
Тақырып төңірегінде Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады. Оның атап өткеніндей, үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы жаңа индустриалды саясаттың негізін қалады.
Аталған мерзім ішінде 2,5 трлн.теңге көлемінде 651 жоба іске асырылған, 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның екенші кезеңінде жемісті жұмыс өз жалғасын тауып, жаңа табыстарға қол жеткізілмек.
Халық қалаулылары бірінші кезең барысында орын алған олқылықтарды атап көрсете отырып, ол алдағы уақытта сабақ болу керектігін ескертті. Депутаттар бағдарламаның екінші кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін қозғай отырып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Жиналысқа сондай-ақ, бірқатар министрліктердің, даму институттарының, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.