31.10.2017
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары төрт бөлім мен 33 іс-шарадан тұрады.
Оған инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша; көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша; қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша; ЩБКА-ның туристік әлеуетін дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген. ЩБКА-ны дамыту жоспарының іс-шараларын іске асыруға 61,3 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру жоспарланған.
Астана туристік кластерін дамыту мәселесіне қатысты А. Мұхамедиұлы 2017 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша инвестицияның ең үлкен көлемі 19,2 млрд теңге – Астанаға тиесілі екенін, бір жыл ішінде 25,9% өскенін атап өтті.
«Жылдың басты туристік магниті болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, оның арқасында І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қонақ үйлер, отельдер мен мейрамханалар саны 16% көбейді, қонақтарды күтуге дайын бөлмелер 15% артты. Олар көрсеткен қызмет көлемі бірден 23% өсті. Астана қонақ үйлер, отельдер, және басқа да орналастыру орындары санының өсуі бойынша алғашқы үштікке кірді», — деп баса айтты министр.
Әзірленген және ҚР Үкіметіне бекітуге енгізілген Астана қаласында туризмді дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі жол картасы 24 іс-шарадан тұрады, олардың ішінде ішкі және шетел туристерін тарту бойынша; инфрақұрылымды абаттандыру және туристік қызметтер сапасын жоғарылату бойынша; Астана қаласының жоғарғы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет объектілерінің өзін өзі өтеу мен пайдалану тиімділігін арттыру бойынша; медициналық туризмді дамыту бойынша; білім беру туризмі саласындағы іс-шаралар бар.
«Аталған қаулыларды қабылдау «Астана – Еуразия» жүрегі, сондай-ақ «Табиғат және көшпелі мәдениет тұтастығы» кластерлерінде одан әрі туризмді дамытуға оң серпін береді деп сенемін», — деп түйіндеді А. Мұхамедиұлы.
Ақбота Күзекбай