05.09.2017
Министр хабарлағандай, ағымдағы жылы 10 энергия блогын, 61 энергетикалық қазандықты және 49 турбинаны жөндеу жоспарланған.
«Биылғы жылдың қыркүйегінде 4 энергоблокта, 28 қазандық пен 22 турбинада жұмыстар аяқталды. 4 энергия блогында, 30 қазандық пен 21 турбинадағы жұмыстар аяқталу үстінде. Жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 25 мың км электр тарату желілері мен 6300 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 17,2 мың км электр тарату желісі жөнделген, бұл жылдық жоспардың 71%-ын құрайды. Сондай-ақ жөндеу жұмыстары белгіленген трафикке сәйкес жүргізіліп жатыр», - деді Қанат Бозымбаев.
Ведомство басшысының мәліметі бойынша, электр станцияларында 3,7 млн тонна көлемінде көмір қоры бар, бұл өткен жылғы деңгейден 24% артық, сондай-ақ 82 мың тонна мазут бар. Сонымен қатар, бірқатар өңірлер бойынша жекелеген мәселелерге көңіл бөлу қажет.
«Әзірленген кестеге сәйкес «Арселор Миттал Темиртау» 2-ЖЭО-да 2 қазандықты жөндеу жоспарланса, № 6 қазандық пен №2 турбинаны жөндеу жүргізілуде, жұмыстар ағымдағы жылғы 22 қарашада және 30 қыркүйекте аяқталмақ. Осы ретте жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін 2-ЖЭО қазандықтарының апатты істен шығу жағдайлары белгіленген, бұл жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін көрсетеді. Басқа электр станцияларында жылыту маусымына дайындықты бақылауды күшейту қажет деп санаймыз», - деп атап өтті Энергетика министрлігінің басшысы.
Қ. Бозымбаев мәлімдегендей, ағымдағы жылғы 17 шілдеде аяқталуы жоспарланған №2 қазандықты жөндеу жұмысы әлі аяқталмаған, биыл қазанда аяқтау жоспарлануда.
«Бірінші шілдеден бастап орындалатын жұмыстар көлемінің ұлғаюына байланысты №4 қазандықты ағымдағы кеңейтілген жөндеу аяқталмаған. Маңғыстау облысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқас» станциясының жұмысы тұрақты емес», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінгі күні жер асты қоймаларындағы қажетті газ қоры қамтамасыз етілген.
«Еліміздің газ-көлік инфрақұрылымы объектілері штаттық режимде жұмыс істеуде, штаттық объектілерге техникалық қызмет көрсету кестелер мен жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатыр. 2017-2018 жылғы жылыту маусымында оңтүстік өңірлерді «Қазақстан-Қытай», «Бұхар Газ ауданы – Ташкент – Бішкек - Алматы» газ құбырлары бойынша газ жеткізу есебінен газбен жабдықтау жоспарлануда», - деді энергетика министрі.
Ақбота Күзекбай