18.08.2017

Қазақстанның инвестицилық саясаты жаңа деңгейге көтерілуде. Қазақстан Республикасы Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының Инвестициялар комитетіне мүше болып қабылданды. Бұл еліміздің инвестициялық ахуалының халықаралық стандарттар мен аталған ұйымның мүше-елдерінің деңгейіне сәйкестігінің көрсеткіші болып табылады.
Кез келген мемлекеттің инвестициялық саясаты инвестициялық процессті реттеуге және бүтін бір мемлекеттің және бизнестің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің 2015 жылы едәуір төмендеуінен кейін (37,5%-ға), 2016 жылдан бастап қайта қалпына келе бастады. Ағымдағы жылы өсім деңгейі сақталып отыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,6 млрд. долларды құрап, 2015 жылға қарағанда 40%-ға өсті, ал 2017 жылдың 1-ші тоқсанында 5,4 млрд. долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9%-ға өсті (4,5 млрд.долл.).
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялыұ стратегияны жасақтады.
Стратегия бірінші кезекте экспортқа бағытталған және шикізат емес секторлардағы тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға екпін берілген.
Атап өтер болсақ, Ұлттық инвестициялық стратегия ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 15 тамызда бекітілді.
Оныда негізі нысаналы көрсеткіштер анықталған. Стратегия табысты іске асатын болса, бес жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағынының кезең-кезеңімен экономикаға 26%-ға дейін, ал тиімділікті арттыруға және экспортқа бағытталған инвестициялар 50%-ға дейін өседі деген болжам бар.
Сонымен қатар,ҚР инвестициялар мен даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ішкі инвестициялардың өсуі де болжанып отыр.

«Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа инвестиция тартуға ұтымды басым салаларды белгіледі. Осы салаларды екі топқа бөлуге болады. Бірінші, бұл – «қолданыстағы әлеуетті салалар», яғни азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды қайта терең өңдеу (яғни, металлургия, химия және мұнай-химия) және машина жасау сияқты салалар. Екінші топ, бұл – «перспективалы салалар», яғни АКТ, туризм және қаржы», - деп нақтылады ведомство басшысы.
ҚР ИДМ басшысы атап өткендей, екінші топ ұзақ мерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады.
«Жалпы, стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, министр соңғы жылдары мемлекеттік жеке-меншік серіктестік тетігі ТШИ тарту үшін әлемдегі тиімді құралдардың біріне айналғанын мәлім етті. Сондықтан, Стратегияда МЖС экономикаға ТШИ тартудың негізгі құралдардың бірі болып анықталды.
Стратегия шеңберінде жаңа инвесторларды ғана емес, сонымен қатар, жұмыс істейтін инвесторларды ұстап қалу және қайта инвестициялауды ынталандыруға айрықша назар аударылатын болады.
«Ұлттық стратегияда инвестициялар тарту үшін басым елдер анықталған. Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз басымдық беретін елдер. Әр осы басымдық берілетін елдермен жұмыс істеу үшін СІМ-мен бірлесіп нақты іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Осылайша, Ұлттық стратегия шеңберінде нақты салалық және елдік басымдықтар анықталды және осы бағытта қолдағы қорларды шоғырландыру жөн деп санаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, ол мақсаттарға жету үшін Стратегия шеңберінде жұмыс екі негізгі бағыт бойынша жүргізілетінін қосты: Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту және тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін енгізу.

«Бірінші бағыттың шеңберінде келесі шаралар қарастырылған. Бұл – мемлекеттің инвестициялық саясат пен заңнаманың ашықтығы және болжамдылығы. Сондай-ақ, визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қарастырылады. Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі орнын көтерудің шараларын қабылдау жоспарланып отыр», - деді спикер.
Бүгінде ҚР ИДМ инвестициялар тарту үшін халықаралық тәжірибені және басым салаларды ескере отыра, қолданыстағы инвестициялық преференциялардың және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерінің тиімділігіне сараптама жасауда.
Келесі бағыт – инвесторлардың құқығын қорғау сласында заңнаманы жетілдіру.
ҚР ИДМ хабарлауынша, Инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп, инвестициялық омбудсмен институтын реформалау, инвесторлардың құқығын сот арқылы қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың АХҚО сот жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда.
Бас прокуратурамен бірлесіп, мемлекеттік органдардың инвесторлар қызметін тексеруді азайту жөнінде кешенді жоспар әзірленетін болады. Сонымен қатар, инвесторлардың шағымдарын және мәселелерін қадағалап, жүйелі түрде анықтайтын жаңа құрал іске қосылатын болады. Егер, инвесторларда қандайда бір мәселелер туындаса осы ақпараттық жүйе тиісті мемлекеттік органдар мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне дер кезінде хабар беретін болады.
Халықаралық және екі жақты келісімдер шеңберінде келіссөздер жүргізу жұмысының сапасын көтеру мақсатымен жаңа тәсілдер енгізіледі.
Жалпы жүйелік мәселелермен қатар инвестицияны тиімді тартуға бөгет болатын жергілікті салалық және өңірлік кедергілер бар. Осы орайда, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге талдау жүргізіледі және анықталған шектеулерді жою бойынша шаралар қабылданатын болады.
Ұлттық стратегияны іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін тиімді бағалау, сонымен қатар қоғам мен инвесторлардың қатысуын қамтамасыз ету мақсатымен осы үрдіске 2018 жылдан бастап жыл сайын оның іске асыруы барысы бойынша егжей-тегжейлі талдау мен әлеуметтік сауалнама жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша «Қазақстанның инвестициялық ахуалының жағдайы туралы жыл сайынғы баяндама» жарияланады.
Бұдан басқа, тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, шетелдік өкілеттіктер мен өңірлік филиалдар желісімен инвестициялар бойынша арнайы ұлттық компания – «КazakhInvest» құрылды. «KazakhInvest»инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.
Қандай да бір инвестициялық жобалардың сапалы және толық дайын болмай, іске аспай қалуын болдырмау үшін инвестициялық жобалардың ақпараттық - мониторингтік жүйесі енгізілетін болады.
Келелі кеңесті Қазақстанда Инвестициялық жобалар картасы енгізілетіні хабарланды.
«Инвесторлармен тиімді жұмыс істеу үшін және жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға мониторнг жүргізу үшін ақпараттық-мониторингтік жүйеге интеграцияланған Инвестициялық жобалар картасы енгізіледі. Карта екі бөлімнен тұрады: инвесторларға ұсыну үшін әлеуетті инвестициялық жобалар және инвесторлар тартылып қойған жүзеге асырылып жатқан жобалар», - деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, Инвестициялық жобалар картасы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жасайтын және меморгандардың, ұлттық компаниялардың, әкімдердің жұмысының тиімділігін бағалайтын басты құрал болады.
Бұдан басқа, Стратегия аясында қойылған міндеттемелерді сапалы жүзеге асыру мақсатында СІМ-мен, шекарадан тыс мекемелелермен, салалық министрліктермен, ұлттық компаниялармен және әкімдіктермен нақты уақыты мен жауапкершілік аймақтары бекітілген өзара жұмыс істеу механизмі енгізіледі. Әр қайсысының өзінің міндеті, индикаторы мен жұмыс істеу жоспары болады. Дүниежүзілік банкпен пилоттық аймақ ретінде Қостанай облысы бекітіліп, Стратегияны жергілікті деңгейде жүзеге асыру бойынша аймақтық жоспар жасақталды.
Жалпы, ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің басшылығы Ұлттық инвестициялық стратегия инвестиция саласын түбегейлі өзгертуге, инвестиция тартуды арттыруға және ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін болады ден сенімді түрде мәлімдедуде.
Ақбота Күзекбай
Фото ашық дереккөзден