• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Мемлекет дәрілік заттардың шекті бағаларын белгілейді – Е.Біртанов 11.07.2017

Ведомство басшысы атап өткендей, министрлік дәрілік препараттарға экономикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды енгізуді көздейтін ұлттық дәрілік саясатты іске асыру жоспарын әзірлеген. 

«Баға белгілеудің бақыланбайтын жүйесі, бірінші кезекте, өндірушілердің Қазақстанда өз дәрілерінің кез келген бағасын белгілеу құқығына ие болуынан басталады. Нәтижесінде, кейбір өндірушілерде дәрігерлер мен халық арасында дәрілерді ілгерілету мен маркетингке үлкен бюджет бөлу мүмкіндігі туындайды. Дәріханалар да осы дәрілерге кез келген үстеме бағаны белгілеуге құқылы. Бір қаладағы дәріханалар арасында бағалардың айырмашылығы 20 пайызға жетсе, нарықта препарат тапшылығы туындаған жағдайда үстеме баға 200 пайызға дейін де өсіп кетуі мүмкін. Осы ретте дәрілердің бағалары, мысалы, шекті рұқсат етілген баға жүйесі қолданылатын Болгарияда дәл осындай препараттың бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 45 пайызға төмен. Жақын уақытта дәрілердің шекті бағаларын белгілеу бұл жағдайды өзгертуі мүмкін», - деді министр.

Е. Біртанов хабарлағандай, министрлік барлық дәрілік заттардың бағаларын реттеу үшін тиісті жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп жатыр.

«Әзірленген нормативтік-құқықтық актінің жобасына сәйкес әрбір өндіруші өндірілетін дәрілердің құнын базистік жеткізу шартын қамтитын «франко-зауыт» жағдайларында, яғни дәрілердің құнын зауыт аумағында тіркейтін болады. Әрбір өндіруші бағаларын ұсынады. Ол ұсынылған ақпараттың дұрыстығы үшін жауапты болады. Процестің келесі кезеңінде тіркелген баға бекітіледі, оған тауарды жеткізу, кедендік ресімдеу, қауіпсіздік пен сапаны бағалау шығындары, сондай-ақ Қазақстанда өндірушінің жеке заңды тұлғасы болған жағдайда маркетингтік шығыстар кіреді.

Тіркелген бағаны анықтағаннан кейін министрлік дәрінің шекті көтерме сауда бағасын және ең жоғары бөлшек сауда бағасын бекітеді. 

«Осылайша, нарықтағы бәсекелестікті сақтау мақсатында, мемлекет дәрілік заттардың шекті бағаларын белгілейді, осыған сүйене отырып, әрбір дистрибьютор немесе дәріхана өз бағаларын жеңілдікпен ұсына алады. Алайда, бұл жүйе қандай да бір препарат атауының тапшылығы жағдайында өндірушілерге немесе дистрибьюторларға бағаны негізсіз көтеруге және артық кіріс алуға мүмкіндік бермейді», - деп қорытындылады ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, отырыс барысында Елжан Біртанов 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пациенттер стационарлық ауру тарихы мен рецептілерді тек электрондық түрде ғана ала алатынын атап өткен болатын

Ақбота Күзекбай


Back to the list