02.05.2017
ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы республикалық мәдениет мекемелерінің қызметін жүйелендіру бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, мемлекеттік мәдени мекемелердің минималды мемлекеттік нормативтері мен типтік штаттары бекітілген.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметі белгілі бір күндері азаматтардың барлық санаттары үшін, ал оқушылар үшін – тақырыптық сабақтар мен мектеп каникулдары күндері театрлар мен музейлердің тегін болуын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды жоспарлауда.
А.Мұхамедиұлының айтуынша, «Мәдениет туралы» Заңға ҚР Парламенті Сенаты деңгейінде мақұлданған сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Түзетулерге сәйкес, мәдениет ұйымдарын құру, тарату мен қайта құру мәселелері тек Министрліктің келісім арқылы ғана шешіледі. Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу тәртібін реттейтін норма әзірленуде, мұндай әдебиеттер ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия деңгейінде, қаламақы төлеуді ескерумен жүзеге асырылады.
Министр айтып өткендей, Ұлттық мұрағат базасында Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын құру жоспарлануда. Ал бүкіл кітапхана қауымдастығының басын қосу мақсатында алғаш рет Ұлттық академиялық кітапханасымен шетелдерде – Қытайда, Түркияда, Ресейде, Финляндияда, Кореяда, Арменияда, Малайзияда, Венгрияда, Қырғызстанда 9 қазақ әдебиеті орталығы ашылды. Қазақстанның, алыс және жақын шетелдердің кітапханаларын қамтумен «кітапхана туризмі» ауқымды халықаралық жобасы іске қосылды, деп атап өтті министр.
Рrimeminister.kz мәліметі бойынша елімізде бүгінгі таңда 7853 мәдениет ұйымы бар, оның ішінде - 64 театр, 4118 кітапхана, 238 музей, 39 концерт ұйымы, 94 кинотеатр, 3 296 мәдени ұйым мен ойын-сауық саябағы, 4 цирк. 38 ұйым республикалық маңызы бар мәртебеге ие.