07.02.2017
Д. Абаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алдағы жарты жылға іс-шаралар жоспарын дайындағанын хабарлады.
«Биылғы жылғы маусымда біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын Үкіметке енгізуді жоспарлап отырмыз. Бағдарлама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 2020 жылға дейін отандық экономиканы цифрлендіруге бағытталған. Интернетті пайдаланушылардың үлесін 80%-ға дейін арттыру, халықтың 95%-ын цифрлық ақпараттандырумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығының деңгейін 80%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді Д. Абаев.
Министр атап өткендей, биылғы жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілетін қызметтердің санын 80%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
«Ол үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді іріктеу бойынша ведомствоаралық комиссия отырысы ұйымдастырылатын болады», – деді Д. Абаев.
Сондай-ақ, Наурыз мейрамы қарсаңында жаңа кинотелеарнаны іске қосу жоспарланып отырғаны белгілі болды.
«Наурызға қарай «Хабар» агенттігінің құрылымында «Ел арна» жаңа кинотелеарнасын іске қосу жоспарлануда. Ресурс ТВ 1000, Дом кино арналары сияқты отандық көркем және деректі фильмдерді, сондай-ақ сериалдарды көрсететін болады», – деп қосты министр.