03.02.2017
«Биылғы жыл еліміздің экономикасы үшін қиын болмақ. Жаһандық экономиканы энергия ресурстары бағаларының құбылмалылығымен, АҚШ Әкімшілігінің жаңа сауда-экономикалық саясатымен, валюта бағамдарының тұрақсыздығымен, бірқатар елдердегі жалғасып жатқан әскери даулармен және саяси белгісіздікпен байланысты жаһандық экономикадағы сын-тегеуріндер күтіп тұр. Осындай күрделі саяси-экономикалық мәнмәтінде біз Сіздің жолдауыңызға сәйкес Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыруды бастаймыз», - деп мәлімдеді министр.
Осылайша, Жолдау аясында министрлік еңбек өнімділігін және сәйкесінше, отандық өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін түбегейлі арттыруды тапсырды.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша бизнес ортаны жүйелі басқаруға бағытталған заңнамалық түзетулердің бесінші жиынтығын қабылдауды және алтыншы жиынтығын әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылатын болады», - деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, Қазақстанның ЭЫДҰ-ға интеграциясы бойынша ілгерілеуге қол жеткізу мақсатында, ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыру бойынша жол картасы әзірленеді, Қазақстанның ЭЫДҰ 13 құқықтық құралына қосылуы және ЭЫДҰ-ның 29 Комитетімен ынтымақтастықты тереңдету қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 2017 жылғы сәуірде Қазақстанның ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі комитетіне кіруі күтілуде.
«Бизнес шығындарын азайту бойынша Сіз қойған міндеттерге қатысты, біз өзіндік құнға тікелей әсер ететін шығыстарды азайтатын боламыз. Табиғи монополиялардың тарифтерін оңтайландыру бөлігінде жаңа «Табиғи монополиялар туралы» Заң әзірленеді. Тарифтердің инфляцияның жалпы деңгейіне үлесі 1,2%-дан аспайды», - деді Ведомство басшысы.
Т. Сүлейменов өткен жылы өсу драйвері экспорттық жеткізілімдерді саны және сапасы жағынан арттыруды талап ететін ішкі және сыртқы инвестициялар болғанын еске салды.
Осыған орай, ҰЭМ Қазақстанның Бірыңғай экспорттық стратегиясының жобасын дайындайды.
«Сіздің Жолдауыңыздың аясында біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, Қызмет көрсету саласын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламаны өзектендіреміз. Жаңа салаларды құру, базалық салалар әлеуетін анағұрлым толық пайдалану дұрыс салықтық реттеуді талап ететінін түсінеміз. Осыған орай, салық заңнамасы жаңа экономикалық шындықтарға көшуге ынталандыруға, жаңа экономика секторларын қолдауға, жер қойнауын пайдалануға жаңа инвестициялар тартуға, салық жеңілдіктерін оңтайландыруға, салықтық әкімшілендіруді одан әрі оңайлатуға бағытталатын болады», - деді Т. Сүлейменов.
Бұдан бөлек, Ведомство басшысы жыл соңына дейін мемлекеттік қаражаттың экономикалық қайтарымын арттыру үшін Бюджет кодексіне бюджеттік рәсімдерді оңайлатуға және орындаушыларға жеткізу уақытын қысқартуға бағытталған түзетулерді қабылдау қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
«Біз МЖӘ барлық жобалары бойынша Бірыңғай ақпараттық база жасаймыз. Жалпы, министрлік ретінде осындай жобаларды іске асыру кезінде өңірлерге кез келген жедел іс-қимыл көрсетеміз. ШОБ экономикадағы үлесін арттыру мақсатында БЖК-2020 бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылай қолдау жалғасатын болады. Бұл жерде бюджет қаражатынан басқа, 182,6 млрд теңге сомасында халықаралық қаржы ұйымдарының несиелік желілері тартылатынын да айта кету керек. Осы ретте ХҚҰ-дан қаражат тарту мерзімі 30%-ға қысқартылатын болады», - деді ол.
Салалар бөлінісінде едәуір өсімді тау-кен өнеркәсібі көрсетуі тиіс - 3,6%, тамақ өнімдерінің өндірісі - 3,2%, машина жасау саласы - 13,0%. Бұдан бөлек, жоғары базаға қарамастан, ауыл шаруашылығында - 2,5%, құрылыс секторында - 2,6%, көлік және логистика саласында 4,0% одан әрі өсімді жоспарлап отырмыз.
«Ұлт жоспарын, бағдарламалық құжаттарды және Сіздің Жолдауыңызды іске асыру бойынша реттелген жұмысымыз осы көрсеткіштерге қол жеткізу кепілі болмақ», - деп қорытындылады министр.