17.01.2017
«20 қаңтарға қарата 100% дайындық қамтамасыз етіледі. Қатысушылардың алғашқы келуі 23 қаңтарға белгіленген – бұл Қазақстан мен Канада командалары. Ең көп келушілер 26 қаңтарда болады, ол күні 24 елден 700-ден астам атлет келеді. Барлығы 2200 атлет және 1000-нан астам алып жүруші қонақтар – жаттықтырушылар, дәрігерлер, ресми өкілдер келеді деп күтілуде», - деді Б.Байбек.
Алматы әкімі Б. Байбек бүгінде мәлімделген 60 елдің 57-сі тіркеуден өткенін, бұл қысқы Универсиада үшін рекордтық көрсеткіш болып саналатынын айтты.
Сондай-ақ, 45 ел үшін визасыз кіру қамтамасыз етіледі, қалған 12 команда жеңілдетілген түрде виза алатын болады. Инфрақұрылым туралы айтар болсақ, барлық жаңа нысандар пайдалануға берілген, бұрыннан бар нысандарды жаңарту жұмыстары аяқталды, тек аздаған визуалды түрде безендіру жұмыстары қалды.
Бұдан өзге, атлетикалық ауыл мен қала қызметтері саласында сервисті жақсарту бойынша мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Универсиада қарсаңында әуежай мен Алматы вокзалдарының қызметі мен безендірілуі айтарлықтай жақсартылған. Бірнеше рет осы нысандарда қызмет көрсету сапасын арттыру, ішкі интерьер, лаңкестікке қарсы және санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан тексерістер жүргізілген. Барлық проблемалық мәселелер шешілген.
Осыған ұқсас жұмыстар қоғамдық тамақтану орындарының субъектілерімен және қонақ үйлерде жүргізілді.
Бұдан өзге, Алматының, Универсиаданың туристік карталары, сонымен қатар мейрамханалық жолсілтемелер әзірленген.
25-29 қаңтар аралығында атлетикалық ауылда келген командалар үшін қарсы алу бойынша салтанатты рәсімдері өтеді. Атлетикалық ауыл мэрі олимпиада чемпионы Серік Сәпиев болды.