06.12.2016
«Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларына сәйкес, өңірлерді дамытуға арналған нысаналы трансферттерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және ұлттық маңызы бар жобаларды іске асырудағы үйлеспеушіліктерді жою үшін ғана бөлу ұсынылады. Осылайша, әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы, сумен жабдықтау және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бағыттары бойынша белгіленген басымдықтарды сақтауы қажет. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі белгілі бір басым бағыттарды ескере отырып, тоқсан сайынғы негізде жергілікті бюджеттер шығыстарының мониторингін жүзеге асыруды ұсынады», - деді ҚР қаржы министрі Бахыт Сұлтанов.
Жаңа қаржы жылының бюджетін уақтылы және сапалы атқару мақсатында, министр ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар беру туралы өтініш білдірді.
«Дамуға арналған нысаналы трансферттер нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің негізінде ұсынылатынын ескере отыра, 2017 жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей келісім жасау қажет; ауыз сумен жабдықтау, білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салумен және қайта құрумен байланысты әлеуметтік маңызды инвестициялық жобалардың іске асырылуының бұзылуына жол бермеу мақсатында, жергілікті атқарушы органдарға 2017 жылғы қаңтардың соңына дейін заңнамада белгіленген тәртіппен нысандарды салу мен қайта құруға арналған конкурстық рәсімдердің жариялануын қамтамасыз ету қажет; бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері белгіленген тәртіппен алдағы бес жылдық кезеңге арналған стратегиялық жоспарлар мен бюджеттік бағдарламалардың жобаларын әзірлеу мен келісуге енгізуді жылдамдату қажет», - деп қосты Қаржы министрлігінің басшысы.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне уақтылы қаржыландыру бойынша қажетті шаралар қабылдауды, сондай-ақ республикалық бюджетті сапалы іске асыруды тапсырды.
Ботагөз Айтжанова