08.11.2016
«Нейрохирургия орталығында 8 жыл ішінде бұрын Орталық Азия мен біздің елімізде пайдаланылмаған 60-тан астам жаңа технология енгізілді. Орталықта 30 мыңға жуық науқас емделіп, 15 мыңға жуық ота жасалған. Оның 70%-ында жаңа технологиялар пайдаланылған. Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның жаңа бағыттары ашылды: микронейрохирургия, эндовоскулярлық нейрохирургия, эндоскопиялық, реконструктивтік, функционалдық нейрохирургия», - деді «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы.
Орталық бас миы қан тамырларының патологиясы бар, Паркинсон ауруы, эпилепсия, бас миы мен жұлын ісігі бар науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсетеді. Осы орталық ашылғанға дейін мұндай науқастарға шет елдерде емделуге немесе аурудың қиындықтарына көнуге тура келетін.
«2008 жылы біз бас миының ісігін алу және кесарь тілігінің көмегімен босандыру бойынша ота жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалдық. Мұндай оталар өте сирек жасалады. Ағымдағы жылы да осындай ота жасалды. Қазіргі уақытта ол аналар мен балаларының жай-күйі жақсы», - деп қосты С. Ақшолақов.
Орталық республика өңірлеріне медициналық технологиялар трансферін тұрақты түрде жүзеге асырып отырады. Соның есебінен өңірлерде бүгінгі таңда 1 мыңнан астам науқасқа көмек көрсетуге мүмкіндік берген 50-ден астам технология енгізілді.