08.11.2016
Еске сала кетейік, 3 қарашада Жамбыл облысында қатты дауыл болып, нәтижесінде, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және Шу аудандары зардап шеккен болатын.
«Барлық облыс әкімдерімен және мемлекеттік органдардың басшыларымен жұмыс жүргізіліп, оларға тапсырмалар берілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті іс-шаралар өткізілді. Асқар Ұзақпайұлы (Мамин – АА) бұл мәселені өз бақылауына алды», - деді Б. Сағынтаев.
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкребаев өңірдегі атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
«Күшейтілген жұмыс нәтижесінде халыққа жылу беру қалпына келтірілді. 6 қарашада ауылдық елді мекендерде электрмен жабдықтау жұмысы қалпына келтірілді. 36 азамат медициналық көмекке жүгінді, 4 адам емдеуге жатқызылды. Тараздың бірнеше аудандарында жергілікті маңызы бар ТЖ режимі енгізілді», - деп баяндады К. Көкребаев.
Оның айтуы бойынша, барлық коммуналдық меншік объектілері жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіріледі.
Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрі мен өзінің бірінші орынбасарына жағдайды бақылауға алуды тапсырды.