18.10.2016
2011-2015 жылдар аралығында «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру кезеңінде халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі қалаларда - 5%-ға (82%-дан 87%-ға дейін), ауылдарда 9%-ға (42,5%-дан 51,5%-ға дейін) ұлғайған. Орталықтандырылған су бұруға қолжетімділік қалаларда - 8%-ға (73%-дан 82%-ға дейін), ауылдарда 2,2%-ға (8,8%-дан 11%-ға дейін) ұлғайған.
«Ағымдағы жылы 75 жобаны іске асыруға - 62,1 млрд теңге бөлінген және 2017 жылы 157 жобаны іске асыруға 53,0 млрд теңге көзделген», - деп хабарлады ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар, министрдің айтуы бойынша, бірқатар проблемалар әлі де сақталуда, солардың ішінде ауылдық сумен жабдықтау секторы да бар.
«Ауылдық елді мекендерді шалғайда орналасуын, халқының санын және экономикалық орындылығын талдау негізінде орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету критерийлерін қайта қарау ұсынылады», - деді министр.
Су арналарын күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды оңтайландыру мақсатында, ауылдық су арналарын ірі су арналарына қосу арқылы сумен жабдықтау операторларын ірілендіру мүмкіндігін қарастыру орынды.
«Болашақта мемлекеттік қаржыландыруды ауылдық сумен жабдықтауды дамытуға бағыттауды, ал қалалық сумен жабдықтауды бюджеттен тыс көздер есебінен дамытуды орынды деп санаймыз», - деп атап өтті Қ. Бішімбаев.
Сондай-ақ, ол өңірлік су арналарын тәжірибесі мен білімі бар техникалық әріптеспен бірге басқаруды жүзеге асыратын бірыңғай операторға беру мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды.