05.10.2016
«Соңғы үш жыл ішінде еліміздің автопаркінің өсуіне қарамастан (3,1-ден 4,4 млн бірлікке дейін), көлік апаттарының негізгі көрсеткіштері тұрақты түрде қысқарып келеді. Дәл сондай үрдіс осы жылы да байқалады. ЖКО саны - 2,5%-ға (11500-ге дейін), қаза тапқандар саны - 4%-ға (1488-ге дейін) және жарақаттанған азаматтар саны 2%-ға (15 мыңға дейін) азайған», - деп хабарлады Ішкі істер министрі.
Министрдің айтуы бойынша, бұл барлық өңірлерге бірдей тән емес. Жоғары көлік апаты Алматы қаласында, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Олар елде тіркелген барлық ЖКО-ның жартысынан астамын құрайды - 54%, және онда қаза тапқан адамдардың саны да соған жуық - 44%.
«Сондықтан осы өңірлерде тәртіп орнату әкімдіктердің жергілікті полиция қызметіне баға беруі тиіс басты басымдықтардың бірі болуы тиіс», - деп атап өтті Қ. Қасымов.
Сондай-ақ, ол ішкі істер органдары жол қозғалысының қатысушыларын құтқару және оларға уақтылы көмек көрсету бойынша шаралар қабылдап жатқанын да қосты. Бұл жұмысты трассалық медициналық-құтқару пункттері жүзеге асырады.