22.12.2014
«Біз аумалы-төкпелі кезеңде тәуелсіздік алып, қиын-қыстау сәттерден, дағдарыстардан өттік. Енді жағдайымыз түзелгеннен кейін тарихымызға, рухани жағымызға көңіл аударуымыз керек деп есептеймін. Сондықтан, хандықтың 550 жылдығы біз үшін өте қажет. Әсіресе жастарға керек», - деді Н.Назарбаев.
Біз кеше ғана аспаннан салбырап түскен халық емеспіз. Біздің тарихымыз бар. Ол тарих бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр. Мынау Жайықтың бойында, Ұлытаудың төңірегінде қаншама хандардың жерленген орындары бар. Түркістанда қаншама батыр бабаларымыз бен хандарымыз жатыр. Соның бәрінің тарихын біз дұрыстап оқымадық. Біздің тарихымыз Совет одағының тарихы деп келдік. Енді ес жиып, осыған көңіл бөлетін кез жетті. Соны біз осы хандықтың 550 жылдығынан бастаймыз.Әркім «Осындай иен дала бізге, қазақтарға қалай қалды?» деп ойлайтын шығар. Ат төбеліндей ғана елміз. Халқымыз көп емес. Сол сұраққа жауап беру үшін осы хандық тарихын еске алу керек.
Елбасының айтуынша, «ұрпақтарымыз аяғынан нық тұруы үшін біздің артымызда бабалардан қалған ел болғанын, жұрт болғанын, хандық болғанын, олар осы жер үшін күрескенін, қан төккенін білуі керек».
«Қазақтың қай түпкіріне барсаң да, тілінде ешқандай диалект жоқ. Әдет-ғұрпымызда айырмашылық жоқ. Қазақстанның барлық тарихы бірігуден, бірге болудан тұрады. Үш жүздің баласы жан-жақтан жиналып, әскер құрып, соғысқа шыққан кезде ешбір жау төтеп берген жоқ. Біз бөлініп-жарылған кезде ғана жау алды. Осыны еске сақтау керек», - деді Президент.