19.11.2014
«Үкімет мүшелері салықтық және кедендік реттеу тұрғысынан инвестициялық климатты жақсарту бойынша Америка сауда палатасы сарапшыларының ұсыныстарын талқылады. Қаржы министрі - Б.Сұлтанов, ұлттық экономика министрі - Е.Досаев баяндама жасады», - делінген хабарламада.
Қаржы министрлігінің басшысы 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы баяндады. Б.Сұлтановтың мәліметінше, «жекешелендіруге берілетін нысандар тізімі 295-тен 313-ке артты».
«Бүгінгі таңда сатылымға 171 нысан қойылған, 92 нысан сатылды. Сатылған нысандардың жалпы сомасы 7 млрд теңгені құрады, бұл олардың бастапқы құнынан 1,3 есе артық», - деп толықтырды Б.Сұлтанов.
Сатылған нысандардың көбісі, министр мәлімдегендей, «қызмет көрсету, БАҚ, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына тиесілі». Ең қымбат жылжымайтын мүлік «ҚТЖ» АҚ нысаны болды, оның бағасы сауда-саттық нәтижесінде 282 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін өсті. Б.Сұлтанов сондай-ақ жекешелендіру кестесін сақтау қажеттігін атап өтті.
«Соңғы айда барлық облыстармен, холдингтермен және компаниялармен бірге екі селектор өткіздік. Орындау кестесіне бақылау қойылған», - деп түйіндеді министр.
Сонымен бірге, отырыста Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексі көрсеткішін жақсарту бойынша шаралар қаралды.
Талқылау қортындысы бойынша Премьер-Министр сәйкес мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.