14.11.2014
««Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Үкімет 2015-2019 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына өзгертулер мен толықтыруларды, сондай-ақ 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлерін қарап, мақұлдады», - делінген хабарламада.
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпы ұлттық жоспар жобасын ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев таныстырды.
«Жалпы ұлттық жоспар жобасы «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға бағытталған, ол келесі бағыттар бойынша 25 іс-шарадан тұрады. Біріншісі – ұлттық қордан 500 млрд. теңге көлемінде екінші траншты, сондай-ақ 2015-2017 жылдарға жыл сайын 3 млрд. доллар бөлу бойынша сәйкес шешімдерді әзірлеп, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсыну. Бұдан өзге, Ұлттық қордан мақсатты трансферттер бөлу мақсатында республикалық бюджет жобасына сәйкес өзгерістер енгізу қарастырылған», - деді Е.Досаев.
Екіншісі – «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты аясында 2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымдық дамыту мемлекеттік бағдарламасын жасау. Мемлекет басшысының Жолдауында болашақ бағдарламаның жеті негізгі бағыты жарияланды, олар Жалпы ұлттық жоспарда түпкі нәтижемен жеке іс-шаралар түрінде қамтып көрсетіледі.
Үшінші бағыт – халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жасау. Президент жолдауына сәйкес Жалпы ұлттық жоспарға ШОБ дамыту үшін несие желілерін тарту, сондай-ақ жылу және сумен қамту жүйелерін өңірлік деңгейде жетілдіру бойынша жобаларды бірлесіп қаржыландыру жөніндегі іс-шаралар енгізілді.
Бұдан өзге, Жалпы ұлттық жоспарда Ұлттық қордан екінші транш аясында бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылатын келесі іс-шаралар жеке қамтылған: Проблемалық несиелер қорын қосымша капиталдандыру, ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған нысандар құрылысы, Астана қаласы әуежайының жаңа терминалын салу және ұшу-қону жолағын жөндеу.
«Жалпы ұлттық жоспар Мемлекет басшысы Жолдауының барлық ережелерін қамтиды және «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізі болуы тиіс», - деп қортындылады Е.Досаев.
Ұсынылған Жалпы ұлттық жоспар жобасын ҚР Үкіметі мақұлдады.