ЖЕМҚОРЛЫҚ – АДАМИ ФАКТОР МА?

Әлде моральдық құлдырау ма? Жыл басынан бері жемқорлықтың кесірінен мемлекет бюджетіне 14 млрд 400 млн теңге залал келіпті. Бұрын миллиондап қалтаға басатын жемқорлар енді миллиардтап қарпып қалуға жанталасуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жемқорларға ешқандай аяушылықтың болмайтынын, қызметі мен лауазымына қарамастан жауапкершілікке тартуды тапсырған болатын. Бірақ, марқұм Шерхан Мұртазаша айтсақ, «арандары ашылып кеткен» парақорлар айылын жиятын емес. Заң қатайды, жауапкершілік күшейді, бірақ, жемқорлық азайған жоқ. Неге?
21 Желтоксан , 10:32

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның деректеріне сүйенсек, биыл 2361 іс тіркеген болса, соның 1726-сы тікелей жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер екен. Ал осылардың жартысынан астамы таза парақорлық фактісімен әшкереленгендер. 3/1-і жымқыру, яғни, қызмет бабына сәйкес сеніп тапсырылған мемлекеттің қаражатын қалтаға басу. Олардан мемлекетке жоғарыда айтқанымыздай 14 миллард теңгеден астам шығын келген. Бұған кемінде 14-15 мектеп немесе сонша аурухана, емхана секілді әлеуметтік нысандар салуға болатын еді.

Жемқорлық негізінен қай салаларда «гүлдеп» немесе қай саланың тізгінін ұстағандар «біліп, білмей кінәлі, бәлки күнәһар» болып жатыр? Көбінесе өңірлердегі мемлекеттік органдар берісі заң бұзушылықтарға жол беріп, арысы «асап» қояды екен. Яғни, әкімдік қызметкерлері, жергілікті өзге де салалық мемлекеттік органдардың қызметшілері. Одан кейінгі орында Ішкі істер саласы екені ешкімге жаңалық емес болар. Жалпы, жемқорлық қылмыстардың 29% осы Ішкі істер саласына тиесілі екен.

Жемқорлардың көз құртына айналған тағы бір «майшелпек» – мемлекеттік және салалық бағдарламалар. Жалпы, елімізде қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Білім және ғылым», «Жұмыспен қамту», «Серпін» секілді 14 мемлекеттік бағдарлама бар екен. Осы бағдарламаларды жүзеге асыру барысында, жалпы сомасы 1 млрд 900 млн теңге болатын 324 қылмыстық іс тіркеліпті. Бүгінге дейін, Ұлттық бюро ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қаржының 1 млрд 700 млн теңгесін кері қайтарған.     

Соңғы жылдары жемқорлықпен күрестің күшейгенін, лауазымы жоғары мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордағы біраз қызметкерлердің құрықталғанынан байқауға болады. Енді олардың атын атап, түсін түстеуді қажеті болмас, айтылып та, жазылып та жатыр. Айтайын дегенім, қанша лауазымы жоғары «шортанды» қармаққа түсіргенімен жемқорлық азаймай тұр. Неге? Ұлттық бюро жетекшісінің орынбасары Шаттық Тынымбайұлының айтуына қарағанда, аймақтарда жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде жемқорлық қылмыстар былтыр – 15%, биыл – 7% азайыпты. Солай ақ, делік!

Ал саны азайғанымен «сапасы» артып кеткен жоқ па?

Мәселен, бұрын жүз мыңдап, жүз миллиондап пара алатын болса, қазір мемлекеттің қаржысын миллиардтап жымқыру, шетелдің валютасымен жүз мыңдап шетелге тасу әшкереленіп отыр ғой. Яғни, жемқорлар да «құласаң нардан құла» деген принципке көшкен жоқ па? Тіпті, ел арасында «тауық ұрлаған тұтылып, миллиард ұрлаған құтылып кетеді» деген пікірдің де қалыптасқанына біраз болды. Дегенмен, Ұлттық бюроның да өз уәжі бар. «Егер жемқорлық фактісімен ұсталғандарды салыстырып қарайтын болсақ, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің үлесі 0,5%қана. Бұл адами фактор» - дейді Шаттық Өтеев.      

Адами фактор! Олай болса, адам моральдық тұрғыдан деградацияға түсті деген сөз бе? Әйтпесе, өз мемлекеті үшін тиімді қызмет атқарып, жұғымды, тигілікті шаруа жасауға не кедергі? Осыдан біраз бұрын сұхбат барысында бұрынғы Есеп комитетінің басшысы, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев «өкінішке қарай, қазір бізде биліктің тұтқасын ұстағандардың дені бір күндік қана өмірмен жүр. Бүгін осы қызметте отырғанда ішіп-жеп қалуды, қарпып қалуды ғана ойлайды. Өзі кеткен соң, қирап қалса да бәрібір. Жауапкершілік жоқ» деп еді. Мен де солай ойлаймын.

«Жоқ, олай емес», дей аласыз ба?

Дәулетхан ЖИЕНҚҰЛОВ

 




Яндекс.Метрика