Жолдау үш саланың «сырқатын» ашып берді

Елбасы ел тізгінін ұстаған, әр саланың білікті мамандары ғой, деп тағайындаған өзінің кадрларына неге шүйлікті? «Елді озық мемлекеттердің қатарына біліммен қосамыз, ол үшін үш тілділікті бастауыштан бастап оқытамыз» деп жүрген Ерлан Сағадиев неден жазды? «Медицинамызды дамыған елдердің техникасы мен технологиясвна толтырдық, біздің қызметіміз ешкімнен кем емес», деп жүрген Е.Біртановқа не болды? «Күндіз-түні кірпік қақпай, халықтың тыныштығын күзетіп жүрміз» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген генералдың қарамағындағылар не бүлдірді? Генералдың өзі «сүттен ақ, судан таза» болса, қарамағындағы «қаһармандары» қалт басты ма? Жалпы, Жолдау барысында Елбасы әлгілерге және басқа да биліктің биік бұтағындағыларға не үшін шүйлікті. Ең бастысы олардың ешқайсысы «бізде кінә жоқ» дей алмады ғой. Неге?
08 Қазан , 18:18

Өйткені, білім саласындағы реформаның сын көтермей тұрғаны рас. Ол оқулықтан басталады. Бастауыш сынып, орта білім, ЖОО түгелдей үлкен бір өзгерісті қажет етіп тұр. Ұстазда абырой қалмады. Неге? Өйткені, ақшасы көптер оны балаша жұмсайды, кейін «кәмпит беріп» алдайды. Күші жеткенде «бұзығымның шекесінен шертіп қойды» деп соққыға шығады. Сайлау сайын үгіт-насихат жұмыстарына жегілетінін Президенттің өзі айтып отыр. Мақұл, Президент біреу ғой, сайлауға халық болып жұмылайық, делік. Жыл сайын болмаса да, 4-5 жыл сайын өтетін әртүрлі деңгейдегі депутаттардың да сайлауы осы мұғалімдердің мойнында. Наразылық білдіріп, өзінің ойын айтып шығу ұстазда жоқ. Тіпті, олар қандай да бір наразылық акцияларына, шерулерге, жиындарға қатысып өз құқықтары туралы ой айтуға да тиым салынған.

Дәл сол сияқты, өзгенің өмірі үшін жанталасып жүріп, өз құқығын қорғай алмайтын мамандар – дәрігерлер. Бұлар да, таңның атысы - кештің батысы азғантай ғана жалақыға жұмыс істейді. Тіпті, өздері медициналық жәрдем көрсетуге барған жерлерінен таяқ жеп, боқтық естіп қайтатындары да аз емес. Ұрып-соққандар қандай да бір мемлекеттік қызметтегі адамды соққандай немесе құқық қорғау саласының қызметкеріне қол көтергендегідей жауапкершілікке тартылмайды. Жәй ғана, әдетте бұзақылық бабымен айыппұл салады немесе бірнеше тәулікке қамауы мүмкін. Оның өзі сирек. Жақында ғана жедел жәрдеммен шақыртуға барған көліктің жүргізушісі соққыға жығылды. Оны істеген адам қамалған да жоқ, кешірім сұрады да, бостандыққа шықты. Бітті. Ол туралы бәрі ұмытты. Жабулы қазан жабулы күйінше қалды!

Мәселен, қазір бізде мемлекеттік қызметтегі адамды немесе құқық қорғау саласының қызметкерін соққыға жықпақ түгіл тіл тигізгеніңіз үшін де сотталып кетуіңіз мүмкін. Ал мұғалімді, дәрігерді есінен тандырып тастап кете беруге болады. Міне, бұл екі мамандықтың дәрежесі біздің қоғамда осындай бейшара күйге жеткен еді.

Ал енді осы екеуінің де құқығын қорғайды, жалпы елдегі тыныштықты сақтайды деген сақшылар ше, яғни полиция? Олардың қоғамдағы портреті қандай? Бұрын «менің милициям мені қорғайды» деген ұран болушы еді. Қазір, полицияның сізді қорғайтынына сенім бар ма? Иә, көпке топырақ шашуға болмас, арасында адал қызмет етіп, елдің патриоты болып жүргендер де бар. Дегенмен, қоғам алдындағы жағымсыз кейіпкерге айнауы ненің белгісі? Неге форма киген адамның абыройы осынша жер боп кетті? Оған кім кінәлі?

Сөз жоқ, білімсіз, біліксіз әйтеуір форма киіп алып жүргендердің былығы осыған алып келді. Елбасының өзі «полиция елге қызмет етпейді, өзіне жұмыс істейді» деді. Үлкен мінберден, Президенттің өз аузынан осындай қатты сын айтылды. Ал сол саланы басқарып отырған генерал Қ.Қасымов мақталды. Бұл қалай? Онда генералдың қарамағындағыларға шамасы келмейді, басқаруға қауқары жоқ деген сөз ғой. Әйтпесе, қалайша генералдың өзі жақсы, қарамағындағылар жаман?! 

Президент 5 қазан  күні Жолдауды жариялау барысында полицияның әбден былыққа батқанын айтқан болатын. Осы сөзді дәлелдей түсейін дегенде 7 қазан күні Ақмола облысы Шортанды аудандық ІІБ тергеу изоляторының бастығы Астана-Көкшетау тас жолының бойындағы жанар май бекетін тонады. Тонаған кезде өзінің ресми тіркелген табельді қаруын қолданған. Көп ұзамай ұсталды, мойындады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. ІІМ ресми өкілі кешірім сұрады. Жәй күзетші немесе қатардағы қызметкер емес, бір аудандық бөлімдегі білдей басшы...

Құқық қорғау саласы қоғамдағы жағымсыз қылықтарымен осындай күйге түсті.

Осы үш саланы да сөзсіз қаттырақ «қағып-сілку» керек. Егер білім саласы былық, ұстазы ынжық болса, медицина қорғаусыз, дәрігері қорғансыз болса, полиция – қой баққан қорқаудай болса – кімге сену керек?

Жолдаудағы нәтижелерге қол жеткізу үшін, ең бірінші кезекте осы үш саланы қолға алған абзал. Әсіресе, 7 қазан  күні болған жәйіт "бізді кім қорғап жүр" деген сауалды көлденең тарты.




Яндекс.Метрика