Жыл сайын қатысушылар саны артып отырғаны бізді қуантады-М.Шентоп

24.09.2019 1139

Жыл сайын қатысушылар артып отырғаны бізді қуантады. Бұл туралы Еуразия елдері парламенттері 4-кеңесінің бірінші пленарлық отырысында Түркияның Жоғарғы Ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп мәлімдеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Қазақстанның елордасында осы кездесуге қатысып отырғаныма қуаныштымын. Анталияда үшінші кеңесті өткізген болатынбыз. Жыл сайын қатысушылар артып отырғаны бізді қуантады. Осы кеңесті біз де өткізгеннен кейін жауапкершілікті сезінеміз. Н.Нығматулин мырзаға осындай қонақжайлық танытқаны үшін алғысысмызды білдіреміз», - деді М.Шентоп.

Сонымен қатар, М.Шентоп Елбасы Н.Назарбаев мырзаға Үлкен Еуразия бастамасына қатысты ризашылығын білдірді.

«Өкінішке қарай, әлемнің көптеген елдері үлкен сынақтарға, соғыс пен жанжалдарға тап болып жатқанына куә болып отырмыз. Осы проблемаларды шешу үшін бізге бірлескен ұстаным таныту қажет. Қауіпсіздік және бірлестік ұстанымдары негізгі қағида болып табылады. Парламенттегі дипломатия ішкі және сыртқы саясатқа да әсер етуі үшін Еуразия елдері осы мәселелерді шешу үшін бас қосып отырмыз. Біз ортақ мәселелерге қол жеткізу үшін бірге жұмыс істеуіміз керек», - деді ол.

Айта кетейік, «21 ғасырдағы Еуразия аймағы елдерінің бірлескен игілігі үшін парламентаралық ынтымақтастық» тақырыбындағы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 1-кеңесі 2016 жылы Мәскеуде, ал «Еуразия кеңістігіндегі ортақ өркендеу үшін парламентаралық ынтымақтастық ілгерілету» атты 2-кеңесі 2017 жылы Сеулде, «Еуразиядағы экономикалық ынтымақтастық, қоршаған орта және тұрақты даму» тақырыбындағы 3-кеңес 2018 жылы Анталияда өткен болатын.

Аягөз Құрмаш