Жер реформасы: ауыл шаруашылық жерлерін пайдалану, мемлекеттік меншік және жаңа Заң жобалары

Бүгін ел астанасында ҚР Ауыл шаруашлылығы министрлігінде Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жер реформасына қатысты түйткіл мәселелер, қабылданған шаралар, жұмыс тобы өкілдерінің ұсыныстары Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Отырысқа комиссия төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов модераторлық етті. Жер реформасы жөніндегі комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін құрылдыған болатын.


Мораторий шектеулері қандай?

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндама жасап, ведомство атқарған жұмыстарға есеп берді. Министрдің айтуынша, 2016 жылы ҚР Үкіметі шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған азаматтарға беруге мораторий жарияланды.

Мораторий тағы келесі шектеулерді қарастырды:

- ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жалға беруге тыйым салу;

- жарғылық капиталында шетелдік үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға және жалға беруге тыйым салу;

- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншік құқығын беруге тыйым салу;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттен сатып алмай жалдау құқығын иеліктен шығаруға тыйым салу.

Аталмыш мораторийдың күші 2021 жылдың 31 желтоқсанында жойылады. Осыған байланысты 2021 жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-ші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктер бойынша мораторий нормаларына қатысты түпкілікті саяси шешім қабылдады.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайтыны және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдіктің қатысы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, Халықаралық ұйымдарға, халықаралыққа қатысы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейтіні туралы нақты және түпкілікті шешім қабылдады. 

Мемлекеттің меншігіне қайтарылған жерлер көлемі қандай?

2016-2020 жылдар аралығында республика бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 15,4 млн гектарды құрады. Олардың 5,4 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылды, 5,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, ал 4,4 млн гектарды сот органдары арқылы қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылдың желтоқсанында сынақ жобасы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 8,3 млн га жер (7,6 млн га жайылым және 0,7 млн га егістік) анықталды.

Оның 2,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, 2,2 млн га жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылды, 3,5 млн гектар жерге қатысты жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр.

Нәтижелердің табысты болуына байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап республиканың барлық аумағында космомониторингті іске қосу туралы шешім қабылданды.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейту үшін 2019 жылы Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану бөлімінде жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Осылайша, жүйелі бақылаудың, жер бетіндегі түсірілімдердің, зерттеулердің және түгендеудің нәтижелерімен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін мониторингтеу үшін ақпарат көзі ретінде енді ғарыштық мониторинг нәтижелері де пайдаланылатын болады», - деді ол.

Пайдаланылмайтын жерлерден бас тартуға арналған шаралар 

Сапархан Омаров айтқандай, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыда мәжбүрлеу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында Салық кодексіне пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін еселеп арттыруды көздейтін түзетулер енгізіліп, қабылданды. 


Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленген. Заң жобасы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделген. 

«Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Оның мақсаты – жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіру, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылау, қағазсыз қызмет көрсету және жер учаскесін бөлуді мемлекеттік органдармен және ұйымдармен және тағы басқалармен келісу», - деп қосты министр.

Ауыл шаруашылығы жерлеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстар арқылы беру тәртібін толққанды регламенттеу әзірленді. Конкурстық комиссиялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін олардың құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері (Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50%-ы) заңдық тұрғыда енгізілген.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану үшін жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігі нақтыланды және күшейтілді. Осы арқылы учаскелерді жалдаудың бірыңғай үлгілік шарты заңнамалық түрде белгіленді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мониторинг жүргізу тәртібі айқындалды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен қайтарып алу мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделген.

 «Жерді жалға алудың алғашқы 5 жылында мониторинг жыл сайын жүргізілуі керек. Ал келесі кезеңдерде суармалы егістікте әр 3 жыл сайын, cуармалы емес жерлерде – 5 жыл сайын мониторинг жасалуы тиіс», - деді ол.

 «Жайылымдар туралы» Заң

Қабылданған заңдар ішінде жергілікті халықтың қажеттілігін қанағаттандыру және жайылымдық жер беру мәселесін шешу үшін «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бар. Оның аясында жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды 2 жылда әзірлеп, бекіту қарастырылған.

«Құжаттың мақсаты – халықтың мал жаю мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін ұйымдасқан шаруашылықтар пайдаланбаған жайылымдарды қайта бөлу», - деді ауыл шаруашылығы министрі.

 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлеріне космомониторинг жасау пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл аймақтардың таңдалған себебі - жер пайдалану саласына қатысты шағым көбінесе осы аймақтардан шығады.

Ақылбек Күрішбаев: Жер тек мемлекеттің меншігінде болу керек

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев отырыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек деп есептейтінін жеткізді.

«Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы жерлері жай ғана өндіріс құралы емес, ең алдымен бұл - біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз, бүкіл халқымыздың байлығы және оның басты құндылығы. Сондықтан ауыл шаруашылыққа арналған жерлер жеке меншікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек", - деді Күрішбаев.

Оның ойынша, ең алдымен бұл Қазақстанның геосаяси жағдайына байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша Қазақстан әлемде 6-орында. Ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Австралиядан кейін екінші орында. Яғни, бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. 

"Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Бір шаршы метрге 6 адамнан келеді. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек жалға берілуі тиіс», - деді ол.
Күрішбаев әкімдіктердің ауылдық елді-мекендерді жайылымдармен қамтамасыз ету мәселесін соңына дейін шеше алмайтынын айтты.

"Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, қазір ауылдың малын жаюға 32 млн. гектардан астам жайылым жетіспейді. Бұл Үкіметтің қарауына 2016 жылы жер комиссиясы шығарған мәселелердің бір бөлігі ғана, олар әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппады", - деді ол.

Жигули Дайрабаев: Жер дауына нүкте қойылғаны - жетістік

Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаевтың айтуынша, өткен айда Президенттің жер дауына нүкте қойғанын үлкен жетістік деп бағалауға болады.

«Жер жеке меншікте болуы керек деген нарықтық экономиканың қитұрқы шарттарына бағынбайтын, жерді сатуды ананы сатумен тең көретін арлы ел екенімізді дәлелдей білдік. Президентімізге осындай батыл шешім қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте жер реформаларынан туындайтын өзгерістер мен толықтырулардың тек қана халық мүддесіне бағытталуын қамтамасыз етуіміз қажет», - деді төраға.

Ол Қазақстан азаматтарына жер 49 жылға жалға берілу керек деп есептейді. Бұл мерзім өткен соң жалға алушының ұрпағы мемлекеттен тағы жалға ала отырып сол жерді пайдалана беруіне болады.


«Ол үшін Жер кодексінің 37 және 97 баптарын түбегейлі қарастыруды сұраймыз. Енді жерге байланысты дау тартыстың келешекте көтерілмеуін тереңірек ойлауымыз қажет, яғни, жер тек өз азаматтарымызға жалға берілуі керек. Олай болмайынша, әр уақытта халық пен билік арасындағы түсіністік пен сенімге сызат түсу қайталана берілуі, және ол ұлғаймаса, азаймауы мүмкін», - деген пікірін білдірді.

Жигули Дайрабаев жерді жалға алғандардың ашық тізімі жариялануы тиіс деген пікірін де қосты.

«Жер пайдаланушы заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін, қай жердің азаматы екенін жердің нақты иесі – халық білуі шарт. Президентіміз халыққа жасаған соңғы Жолдауында қоғамдық бақылау рөлін күшейту керек деп қадап айтты. Сондықтан «Елдің көзі - елу» деген принципті жер мәселесіне де пайдалануымыз керек», - деп қорытты Дайрабаев.

Мұхтар Тайжан: Ауылдардағы жерлер ауыл тұрғындарының игілігіне берілу керек

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жер кадастры ашық болуы тиіс деген ұсынысты алға тартты. Оның пайымынша, бұл талап жеке мәлімет туралы заңнамаға қайшы емес.


«Жердің ауыл шаруашылығына арналған 99 пайызы – мемлекеттің меншігі», - деді ол.

Ауыл халқы үшін егістік пен шабынды жерлердің тапшылығы туралы мәселені де Мұхтар Тайжан көтерді.

«Үкімет бұрынғы жүйемен ауыл тұрғындарынан жерді алып алғандармен жұмыс істеу керек. Әр ауылдың аумағында жерлер осы елді мекен тұрғындарына тиесілі болуы тиіс, яғни қоғамдық жайылым, қоғамдық егістік, қоғамдық шабындық деген қалыптасқаны жөн», - деді ол.

Комиссия отырысы нәтижесінде 60-тан аса сұрақ пен ұсыныс келіп түсті. Ералы Тоғжанов айтқандай, әр апта сайын жұмыс күндері сұрақтар сараланып, негізінде нақты шаралар жоспары құрылады.

"Жер дауы, жесір дауы" деген мәселе қашан да қазақ халқының басындағы даулы мәселелер болып келген. Бүгінгі таңда жер мәселесі әр қазақтың көкейіндегі сұрақ. Бүгін түйткіл мәселелер қаралды. Әрі қарай комиссия жұмысын жалғастырады", - деп қорытты Ералы Тоғжанов.