Жемқорлыққа қарсы «Нұрсұлтан» декларациясы қабылданады

02.10.2019 1530

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі күшейту мақсатында «Нұрсұлтан»  декларациясы  қабылданады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов елордада өтіп жатқан Халықаралық Сыбайлас Жемқорлыққа Қарсы Академия Тараптарының сегізінші Ассамблеясында айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Біздің еліміз халықаралық стандарттар негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес саясатын нақты түрде жүрігізіп отырғанын айтқым келеді. 2018 жылы еліміз БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап, оны кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Осы бүгінгі отырыс аясында ынтымақтастықты жалғастыру үшін біз халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиямымен Орта Азия мен Ауғанстан елдері үшін екінші семинар тренинг өтіп жатыр. Оған Қазақстан мен көршілес мемлекеттерден 76 өкіл қатысуда. Сонымен қатар, Ассамблея нәтижесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі күшейту мақсатында Нұрсұлтан декларациясын қабылданады», - деді ол.

Бұдан бөлек, Олжас Бектенов еліміздің жақын күндері Еуропа Кеңесінің жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылатынын атап өтті.

«Биылғы жылдың 27 тамызында Мемлекет басшысы Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына Қазақстанның қосылуы туралы жарлыққа қойған еді. Енді биылғы жылдың 15 қазанында Францияның Страсбург қаласында Еуропа кеңесінің штаб пәтерінде біздің ел мен Еуропа кеңесі арасында Қазақстанның ГРЕКО кеңесіне қосылуға қол қойылады», - деді ол.

Айта кетейік, еліміздің астанасында өтіп жатқан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия (ХСЖҚА) мен Қазақстан Республикасы (ХСЖҚА) Тараптардың сегізінші Ассамблеясына әлемнің барлық өңірінен 70-тен астам делегат қатысуда. Аталған шара 4 қазанда аяқталады.

Назерке Сүйіндік