«Жасыл Қазақстан»: Ауа сапасын жақсарту, биоалуантүрлілікті сақтау және экомәдениетті қалыптастыру

25.10.2021 1194

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы туралы баян етті. Оның айтуынша, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген. Аталған жоба халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттары

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, құжат төрт негізгі бағыттан тұрады:

Бірінші бағыт - «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді.

Екінші бағыт - «Үнемді Қазақстан» табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану мақсатын қойып отыр. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты.

Үшінші бағыт - «Табиғат» бағытының мақсаты биоалуантүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту болып табылады.

Төртінші бағыт - «Экология болашағы», халықтың экобілімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған.

Министрдің айтуынша, әрбір бағыт бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаттарымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарымен өзара байланыстылығы айқындалған. Мәселен, тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде бұл жоба жеті мақсатты іске асыруды көздейді.

«Жалпы Ұлттық жоба 11 міндеттен тұрады, олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалған», - деді Серікқали Брекешев.

«Таза Қазақстан» бағыты

Сондай-ақ, ол «Таза Қазақстан» бірінші бағытының мақсаты атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, тұйық циклдегі экономиканы дамыту және тарихи ластануларды жою, елдің су объектілерінің экожүйелерін сақтау. Осы орайда, ол ластанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және электр станцияларында көмірді жағумен байланысты екенін айтып өтті.

«Осы проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 20%-ға қысқарту болжанып отыр. Мысалы, АрселорМиттал Теміртау шығарындыларды 54%-ға азайту бойынша міндеттемелер алды», - деді министр.

«Waste-to-Energy» технологиясы

Оның мәліметінше, қалдықтарды тұрақты басқару бөлігінде «Waste-to-Energy» технологиясы бойынша энергия алумен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін салу сияқты іс-шаралар есебінен ҚТҚ үлесі мен кәдеге жаратуды 18%-дан 34%-ға дейін ұлғайту көзделеді. Бұдан бөлек, дәріханаларда орнату үшін құрамында сынабы бар қалдықтарды бөлек жинау үшін 8 мыңнан астам контейнер және медициналық қалдықтарға арналған экобокс орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Тұйық цикл экономикасын дамыту шеңберінде құрылыс және ірі габаритті қалдықтарды жинауға арналған алаңдар құру болжанып отыр. Экожүйелердің қажеттіліктерін ескерместен суды пайдалану қоршаған ортаның тозуына әкеледі», - деді ол.

Осы орайда, ол қолайсыз салдарды жоюға арналған қаржылық шығындар олардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды іске асыруға арналған шығындардан жоғары екендігін атап өтті. Осыған байланысты еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау міндеті қойылған. Мәселен, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін және Бурабай, Щучье, Қопа, Шалқар көлдерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды іске асыру жоспарланған.

«Балқаш көліне жылына кемінде 12 км³ су ағынын қамтамасыз ету үшін Балқаш көлінің бассейніндегі өзендердің сулылығы мен өткізу қабілетін арттыру жөніндегі іс-шаралар көзделген», - деді министр.

«Үнемді Қазақстан» бағыты

Министрдің айтуынша, су ресурстарын басқару бөлігіндегі басты міндет - қоршаған ортаның, халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері арасында тепе-теңдік құру. Бұл жағдайда халықтың және қоршаған ортаның өмір сүру жағдайларын сақтау және жақсарту үшін суды пайдаланудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы жағдайларын іске асыру қажет.

«Суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру» міндеті шеңберінде 401 арнаны қайта жаңарту және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км³ қысқарту жоспарланудадеді», - деді Серікқали Брекешев.

Оның дерегінше, 600 мың га суармалы жерлерді ұлғайту бойынша іс-шаралар қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км³ болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.

«Биыл Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталып жатыр. Қалғандары бойынша ТЭН немесе ЖСҚ әзірленуде», - деді ол.

Сондай-ақ, ол бүгінгі күні бүкіл әлемде ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы деңгейі бірінші кезекте энергия үнемдеу саласындағы ағымдағы жағдайды сипаттайтынын жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстан Республикасы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары деңгейге ие.Осыған байланысты, ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде энергия ресурстарына ұқыпты қарау және энергия тиімділігін арттыру мәселесі түйінді міндеттердің біріне жатқызылған. Министр осыны ескере отырып, Ұлттық жоба шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бюджеттік ұйымдарда энергия тұтынуды азайту, өнеркәсіптік кәсіпорындарда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында энергия тиімділігін арттыру бойынша міндеттер қойылғанын атап өтті.

«Табиғат» бағыты

«Биоәртүрлілікті сақтау мәселелері жаһандық мақсатты міндет болып табылады. Осыған байланысты, Ұлттық жоба шеңберінде 4 міндетті қамтитын «Табиғат» бағыты қарастырылған», - деді Серікқали Брекешев.

Оның мәлімдеуінше, экожүйелердің орнықты дамуы үшін, әлемдік тәжірибе бойынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы шамамен 10-12%-ды құрауы тиіс. Елімізде бүгінгі күні ЕҚТА үлесі жалпы аумақтың 9,6%-ын құрайды екен.

«Осыған байланысты «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық паркін, «Мерке» КТПП құру болжанып отыр. Экотуризмнің тартымдылығын арттыру үшін ЕҚТА-ға 14 визит-орталық салу көзделіп отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, ол «Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің санын қалпына келтіру» міндеті шеңберінде тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін азық базасын құру мақсатында «Іле – Балқаш» МТР-да қабан, тоғай бұғысы, елік санын ұлғайту көзделетінін атап өтті. Ол үшін азық базасын құру үшін биотехникалық іс-шаралар жүргізу, интродукциялау және реинтродукциялау бойынша биологиялық негіздемелер әзірлеу, сақтау орталықтарын және басқа да жобаларды құру жоспарлануда Серікқали Брекешев.

«Сондай-ақ балық ресурстарының табиғи популяциясын 224 мың тоннаға дейін ұлғайту және жерсінуі кемінде 65% болатын 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі іс-шаралар көзделген», - деді Серікқали Брекешев.

«Экология болашағы» бағыты

Министр өз сөзінде орнықты даму қоғамын құруға көп көңіл бөліну қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, экоқұрылым мен мәдениет деңгейін арттыру жөніндегі бағыт осы ұлттық жобаның базалық бағыты болып табылады. Өйткені, барлық табиғат қорғау және эко-сақтау іс-шаралары мен саясаты бірінші кезекте экология және қоршаған ортаны қорғау туралы базалық түсініктері бар азаматтарға сүйенуге тиіс.

«Қазіргі уақытта осы саладағы жағдай білім беру және экологиялық білім беру саласында реформалар жүргізу қажеттілігін айқындап отыр. Онсыз Ұлттық жобаның басқа да іс-шаралары азаматтардан қолдау мен түсіністік таба алмайды», - деді ол.

Осы бағытта 2 міндет қойылған:

1.     Бұл экологиялық аспектілерді ресми білім беру және ағарту жүйесіне біріктіру. Орта мектептің 6-сынып бағдарламасына «Экология» таңдау бойынша жаңа курсты енгізу және экологиялық ағарту орталықтары желісін (экостанциялар, үйірмелер және т.б.) құру жоспарлануда.

2.     Бұл эко-бағдарлы ақпараттық кеңістікті қалыптастыру. Экологиялық білім беру жөніндегі медиа-жоспарды әзірлеу және іске асыру, «Birge-taza Qazaqstan» экологиялық акциясын өткізу сияқты іс-шаралар іске асырылатын болады.

«Жобаны іске асыру халықтың нақты кірістерінің ұлғаюына, ЖІӨ-нің 231 миллиард теңгеге ұлғаюына ықпал ететін болады. Ұлттық жобаны іске асыру есебінен 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылады», - деді министр.

Министрдің айтуынша, бірінші кезекте ұлттық жобаны іске асыру әлеуметтік нәтиже алуға бағытталған. Сондай-ақ, ұлттық жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Соның ішінде, көлдердегі су сапасын жақсартуға, сондай-ақ суаруға су беру кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

«Бұдан бөлек, орманды аумақты елдің жалпы ауданының 5%-на дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі ережелері осындай. Жобаны іске асыру мәселесі ерекше бақылауда екенін айтқым келеді», - деп түйіндеді Серікқали Брекешев.