Жасотандықтар үш ірі қалада 5 млн маска таратады
«ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, біз қала тұрғындарына бетперде тарату жұмыстарын бастаймыз»,- деп мәлімдеді «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
«Өздеріңіз білетіндей, осындай қиын жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету қажет, сол себептен Жасотандықтар қала тұрғындарына сақтану құралдарын тегін тарата бастады. Аталған 5 млн масканы Елбасы бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» қоры арқылы сатып алынды», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ, Елнұр Бейсенбаев негізгі басымдылық - аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге бағытталатынын атап өтті. Яғни, дәріханаға барудың өзі қиындық тудыратын азаматтарға. Сонымен қатар, белсенділер осы аптада азық-түлік таратуды қайта бастайды. Сондай-ақ, жалғызбасты зейнеткерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылатын болады. Бұл істің барлығы тек волонтерлардың көмегімен іске асырылуда. Олар да барлық сақтану киімдерімен, бетперделерімен қамтамасыз етілді.
«Біз елорданың 40 000 отбасын маскамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Әрбір қорапта 50 қорғаныс құралдары бар. Тек бүгін ғана біз 2 000 отбасына 100 000 бетперде тараттық», - деді Jas Otan жетекшісі.
19 наурыздан бастап «Jas Otan» жастар қанатының 3000-нан астам еріктілері Қазақстан бойынша 56 мыңнан астам отбасын бірінші қажеттіліктегі азық-түліктермен қамтамасыз етуге ат салысты. Күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында еріктілер 1200-ден астам жалғызбасты зейнеткерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, олар зейнеткерлерге дәрі-дәрмектерді және қорғаныс құралдарын жеткізуді жүзеге асыруда.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Біз біргеміз!» қоры еліміз бойынша әзірге 152 000 мұқтаж отбасыға 56 000 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 2000-нан астам дәрігерлеріне де 50 000 теңге ақшалай көмек жіберілді.