«Томирис» фильмін түсіруге 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды

25.09.2019 1712

«Томирис» фильмін түсіруге 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Томирис» фильмінің тұсаукесеріне байланысты баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов айтты, деп хабарлайды Strategy2050.kz.

««Томирис» фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қатысуымен түсірілді. Басты мақсаты – фильм арқылы өсклең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу. Тарихи фильмдерді түсіру әрине, оңай жұмыс емес. Нақты «Томирис» тарихи фильмін түсіруге 2 млрд 259 мың теңге жұмсалды», - деді Нұрқиса Дәуешов.

Айта кету керек, Министрліктің жанында Ұлттық киноны қолдау қоры бар. Бүгінгі таңда он фильмнің алтауы жарық көрді. «Томирис» соның жетіншісі. Алда әлі үш фильм жарыққа шығады. Оның бірі Әбіш Кекілбаев ағамызға қатысты «Шыңырау», Ермек Тұрсыновтың «Шырақ» және Жақсылық Үшкемпіров туралы «Жеңмпаз» фильмі.

Жиынға қатысқан фильмнің режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, картинаның сценарийін жазу барысында тарихтың атасы Герадоттың еңбектері пайдаланылған.

«Біз фильмге сценарий жазу кезінде бірнеше тарихшылармен жұмыс істедік. Сондай-ақ, тарихтың атасы Герадоттың еңбектерін басшылыққа алдық. Түсірілімді бастамас бұрын, шығармашылық топ тарихи-материалдармен танысты. Жобаға арнайы ғалым кеңесшілер тартылды. Дегенмен, біз алғашында фильмді Мороккода түсіруді жоспарладық. Түсірілім топ сол елге барып, сондағы декорацияларды көріп келгеннен соң Қазақстанда түсіреміз деп шешім қабылдадық. Себебі Мороккода түсіру тіптен қымбатқа шықты. Сөйтіп Қазақстанда, атап айтсақ, Шонжа,Көкшетау, Алматы, Қапшағай деген жерлерді түсірілді», - деді А.Сатаев.

Сондай -ақ, режиссердің айтуынша, түсірілім жұмыстары 93 күнге созылған. Ал сценарий жазу секілді басқа да жұмыстарын қосқанда 2 жарым жыл кеткен.

Жалпы, кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айырылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымның тағдыры баяндалады.

Айта кетейік, аталған фильм 27 қыркүйектен бастап прокатқа шығады.

Аягөз Құрмаш