СІМ басшысы АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне қатысты

24.09.2019 4505

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы шеңберінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті,деп хабарлады  Strategy2050.kz.

Кездесу қатысушылары ағымдағы жылдың маусым айында Душанбе қаласында өткен АӨСШК 5-ші Саммитінің қорытындысын талқылады, ал іс-шараның декларациясында Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың негізгі мәселелері жөніндегі кеңес мүшелерінің ұстанымдары мен көзқарастары көрініс тапты, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АӨСШК негізін қалаушы ретіндегі жеке рөлі және оның Кеңес әлеуетін арттыруға қосқан елеулі үлесі атап өтілді.

АӨСШК-тегі Қазақстанның алдағы төрағалығына ерекше назар аударылды. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 2020-2022 жылдары Қазақстанның төрағалық етуге кеңесте арналған өтінімін бірауыздан қолдағаны үшін АӨСШК мүше мемлекеттеріне алғыс білдірді.

Делегация басшылары Қазақстанды АӨСШК-тің келесі төрағасы ретінде құттықтап, кеңес шеңберінде ынтымақтастықты дамытудағы еліміздің жетекші рөлін атап өтті.

Министр өз сөзінде АӨСШК-ті дамыту көзқарасымен және Форумға төрағалық ету кезеңінде Қазақстанның назарын аударатын басымдықтарымен бөлісті. Олардың қатарында – АӨСШК-ті дәйекті институционалдық дамыту, Сенім шаралары каталогының бес өлшемінің шеңберінде Форумның қызметін мазмұнды толықтыру, сондай-ақ басқа да халықаралық және өңірлік институттармен өзара іс-қимылды одан әрі күшейту.

АӨСШК қызметінің қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында жоғары өзектілігі және зор экономикалық және адами әлеуетке ие Азиядағы қауіпсіздік пен өзара байланысты нығайту үшін өңірлік кооперацияның тиімді платформасы ретіндегі маңыздылығы атап өтілді.

1992 жылғы 5 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Азиядағы қауіпсіздік проблемалары бойынша консенсус негізінде диалог, консультациялар, шешімдер қабылдау және шараларды жүзеге асыру үшін мемлекетаралық форум болып табылатын АӨСШК-ті шақыруға бастама жасады. Бүгінгі таңда АӨСШК-ке Азияның 27 мемлекеті мүше, 8 ел мен 5 халықаралық ұйым бақылаушы болып табылады.