С.Әділов: Енді жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істер тек сотқа жіберіледі

08.01.2020 1242

Енді жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істер тек сотқа жіберіледі. Жаңа заң бойынша, жәбірленуші мен қылмескердің татуласу мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы "Қылмыстық заңнаманы жетілдіру және жеке құқықты қорғауды күшейту" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

31 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР кейбір заңнамалық актілеріне, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке адам құқықтарын күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заңға қол қойды. Осы заңмен ҚР Қылмыстық кодексінің 10 тарауындағы 69 бапқа және қылмыстық-процестік кодексінің 72 бабына түзетулер енгізілді. Заң қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаларды қолдану практикасына бес жыл бойы жүргізілген мониторинг нәтижесінде әзірленген. 

"Заңда Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмалар іске асырылды. Өзгерістер қоғам үшін анағұрлым сезімтал қылмыстарға бағытталған. Атап айтқанда, жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар, көліктегі және экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар, меншікке, қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке қарсы қылмысұа өзгерістер енгізілді", - деді департамент басшысы. 

Сонымен қатар департамент басшысы нақты қандай заңнамаларға өзгерістер мен түзетулер енгізілгендігін атап өтті. Санжар Әділовтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жыныстық зорлық-зомбылық азайғанымен, балаларға қарсы зорлық-зомбылық азаймай тұр. Алайда оның айтуы бойынша, енгізілген өзгерістер қылмыс санының азаюына септігін тигізбек.

"Қазақстанда 2019 жылы мыңнан астам жыныстық зорлық-зомбылық жасалған (1047). Оның 15% - (154) кәмелетке толмаған балалар. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы статистикалық көрсеткіш азайды. Бірақ балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың саны азаймай келеді. Бұл жағдай қоғамды қатты алаңдатып отыр. Қарастырылып жатқан заң бойынша зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері орташадан ауыр санатқа ауыстырылды. Бұдан былай мұндай қылмыс жасағанда 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын - 3 жылдан 5 жылға дейін болатын", - деді Санжар Әділов.

Сонымен қатар ол жаңа заң бойынша жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Зорлаушылардың барлық қылмыстық істері тек сотқа жіберіледі.

"Тағы бір айта кету керек нәрсе, жаңа заң бойынша жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі жоқ. Егер бұрын зорлаушы зардап шеккен тарапты татуласуға, ақша төлеуге немесе жауапкершіліктен жалтаруға көндіре алса, ал жаңа заңнама бойынша ымыраға келуге болмайды. Тек қамауға алынады. Сондай-ақ жыныстық қылмыс құрбандары бұдан былай жыныстық зорлаушының туыстары тарапынан қандай да бір қорқытуға ұшырамайды, себебі мұнда ешқандай мағына жоқ. Зорлаушылардың барлық қылмыстық істері тек сотқа жіберіледі", - деді департамент басшысы.

Себебі оның сөзіне сенсек, өткен жылы зорлау туралы қылмыстық істердің жартысынан астамы Қылмыстық кодекстің 68-бабы бойынша тоқтатылған. Ал бұл қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады деді ол.

"2019 жылы зорлау туралы қылмыстық істердің 51% -ы (534) Қылмыстық кодекстің 68-бабы бойынша (татуласу үшін қылмыстық жауапкершіліктен босату) тоқтатылған. Заңды қолданудың бұл тәжірибесі қоғам тарапынан сынға ұшырады. Бұдан былай жазаның қатайтылуы - жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алады.  Сонымен қатар бұрын адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп жалған айыптағаны үшін шін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған болса, қазір мұндай жаза 3 жылдан 8 жылға дейін ұзарды", - деп атап өтті Санжар Әділов.

Сонымен қатар, оның айтуы бойынша, жыныстық зорлық-зомбылықтың белгілі бір әдістері үшін жауапкершілік күшейтілген. 

"Мәселен, қызметтік міндетін атқару кезінде жасаған зорлау 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады, ал бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін боатын. Сондай-ақ зорлық әрекеті жас балаға жасалған жағдайда, қылмыскерді белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру көзделген. Және де 17 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған", - деді департамент басшысы.

Сондай-ақ ол ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері үшін жауапкершілікті қатаңдататын заң ережелері ағымдағы жылғы 11 қаңтардан бастап күшіне енетінін атап өтті.

Назерке Сүйіндік