Руслан Дәленов: Жалпы ішкі өнім 4,3 пайызға өсті
14.10.2019
1541
Биылғы жылдың тоғыз айында жалпы ішкі өнім 4,3 пайызға өсті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
"Қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнім 4,3 пайызға өсті. Өсу құрылыстағы, саудадағы және көлік саласындағы шығарылымның ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,7 пайызға өсті. Қыркүйекте жылдық инфляция 5,3 пайызды құрады. Қаңтар-тамызда халықтың нақты табысы 6,7 пайызға өсті", - деді министр.
Оның айтуынша, өнеркәсіп өндірісі ағымдағы жылдың тоғыз айында 3,3 пайызға артқан.
"Өнеркәсіп өндірісі тоғыз айда 3,3 пайызға өсті. Өңдеу саласында ең жоғарғы өсуге жеңіл өнеркәсіпте машина жасау себеп болды. Ал, құрылыс және негізгі капиталға инвестиция бойынша артта қалғандар қатарында Шымкент қаласы, Маңғыстау және Нұр-Сұлтан қаласы бар. Сонымен бірге, автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстарының төмендеуіне байланысты СҚО құрылыс бойынша теріс аймаққа кірді", - деді ол.
Бұдан бөлек, министрдің сөзіне сүйенсек, бірқатар өңірлер өңдеу және кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру және инвестициялар бойынша жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр.
"Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстары жоғары өсуді 4 көрсеткіш бойынша, ал Атырау облысы 3 көрсеткіш бойынша көрсетіп отыр. Сонымен бірге, кейбір өңірлерде бірқатар көрсеткіштер бойынша төмендеу байқалды. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында үш көрсеткіш бойынша, СҚО екі көрсеткіш бойынша, Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында төрт көрсеткіш бойынша. Сондай-ақ, көрсеткіштерді тоғыз айды сегіз аймен салыстырғанда Алматыда, Қостанайда және СҚО-да екі көрсеткіш бойынша, БҚО-да бір көрсеткіш бойынша бәсеңдеу тіркелді", - деді министр.
Бұдан бөлек, Руслан Дәленов экономиканың өсуін қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың қандай шараларға баса назар аударуы қажеттігін атап өтті.
"Біріншіден, экономика салаларында қол жеткізілген өсу қарқынын ұстап тұру, екіншіден экономиканың базалық салаларында өсуді қамтамасыз ету бойынша түбегейлі шаралар қабылдау, инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатын толық игеруді қамтамасыз ету және төртінші тоқсанда тұтыну тауарының бағаларын қатаң бақылауды қамтамасыз ету. Міне, осы шаралар орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан баса назар аударылуы керек", - деді Ұлттық экономика министрі.
Назерке Сүйіндік