Праймериз: Nur Otan жақтастарының лигасы әділ сайлау өткізе ала ма
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі саяси реформалардың мәселелері, праймериздің саяси өмірдегі шешуші оқиға екені, сондай-ақ әлеуметтік трансформация жағдайындағы диалогты дамытудың тұжырымдамалық аспектілері сөз болды. Спикерлер саясаттанушылар, праймеризге үміткер және блогер праймериздің ашық әрі әділ өтуіне қатысты пікір білдіріп, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Праймеризге қатысты кейбір мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.
Қазақстанның саяси әлемінде биыл «праймериз» деген жаңа сөз пайда болды. АҚШ сияқты демократиялық елдерде праймериз – партия ішінде демократиялық жолмен шешім қабылдаудың үлгісі. Бүгінгі брифингте саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі Е.Саиров атап өткендей, «Нұр Отан» партиясының праймеризі елдегі терең өзгерістердің басталуы үшін, Мәжіліс пен мәслихаттарды толығымен жаңарту үшін «мүмкіндіктер терезесі» болып табылады. Е.Саировтың пікірінше, праймериз тек еркін демократиялық ой болған жағдайда ғана тиімді болады.
«Nur Otan» партиясын Жақтаушылар лигасы өкілдерінің түрлі деңгейдегі әкімдерге маңызды үндеуі – бұл праймеризді сәтті жүзеге асыру үшін ешқандай жасанды кедергілер жасамау. Праймериз біздің еліміздің саяси жүйесін революциялық тұрғыда дамуының алғышарты деп қарауға болады. Біздің елде билікке, саяси партияға сенімсіздік бар. Осы сенімсіздікті жою үшін праймеризді әділ және таза өткізу керек. Сонымен қатар жастарды көбірек тарту керек. Нұр-Отан партиясының жақтастар лигасы осы праймерезді әділ өткізу жөнінде үндеу жариялады. Көптеген әкімдер командалық басқарушылық әдіспен жұмыс істейді және қоғамдық пікірді ескергісі келмейді. Бүгінгі таңдағы праймериз жастар үшін мүмкіндіктер терезесі. Біз әкімдерді праймериздің әділ өтуіне, әкімшілік ешқандай қысым жасамауын сұраймыз. Мұндай жағдай орын алса, партия жақтастар лигасының партия деңгейінде шара қолданады, - деді саясаттанушы Сайыров.
«Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғ. Байтөк алдағы праймериздің басты міндеті - олардың ашық және әділетті өтуі деп атап өтті. Алайда, оның пікірінше, өңірлерде бұл процестің қоғамдық-саяси маңызы туралы әлі толық түсінік жоқ. Осыған байланысты, қауіптердің бірі - жергілікті билік органдарының ашық праймериді өткізуге кедергі жасаудың жоғары мүмкіндігі.
Ғалым Байтөктің пікірінше, праймериз - елімізде саяси реформаларды жүргізу үшін беріліп отырған соңғы мүмкіндіктердің бірі.
Барлық жаһандық проблемалар мен әлемдік трендтердің бізге әсер етуі мүмкін. Қалай? Ол реформалар арқылы өркениетті жолмен бола ма, әлде тәртіпсіз, белгісіз бір бақыланбайтын жолмен бола ма? Бұл өзімізге байланысты. Праймериз - бұл «мүмкіндіктер терезесі», бірақ екінші жағынан, әкімшілік ресурстарды жиі пайдаланатын, басқарғысы келетін, өз адамдарын биліктің өкілді органдарына дейін әртүрлі құрылымдарға өткізіп, қолынан келмесе де саясатқа ықпал етуді қалайтын әкімдердің қолындағы «Пандора жәшігі» секілді. Сондықтан «Nur Otan» партиясы Жақтастары лигасы өз алдына праймериздердің өткізілуін бақылау міндетін қойды. «Nur Otan» партиясының көшбасшылары үлкен жауапкершілікті сезініп, қазақстандықтар бұрын жүрмеген жолға түсетіндерін түсінеді. Мұның бәрі қатесіз, әкімшілік ресурстың ықпалынсыз өтуі өте маңызды,- деді ол.
Блогер О. Мамырдың ойынша, бастысы – халықтың сеніміне ие болу және оны сақтау. Елде диалог пен ынтымақтастық негізінде бірлесіп шешуді қажет ететін әлеуметтік, экономикалық және демографиялық проблемалар жинақталды. Бізге қуанышты кезде, мерекелерде ғана бұқараға шығып құттықтайтын депутат емес, қиын кезеңде халықтың ортасында жүретін депутаттар керек, - деді блогер.
Қарағандыдан келген белгілі қоғам қайраткері, «Алтын алқа» иегері Әлия Садырбаева өзін түбегейлі өзгерістердің емес, эволюцияны жақтаушы деп есептейтін, сондықтан, «Nur Otan» партиясын Жақтаушылар лигасына кіргенін айтты.
Менің қызметім қоғамдық жұмыспен, түрлі санаттағы адамдарға көмек көрсетумен байланысты. 2016 жылы адамдардың түйіткілді мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді деген үмітпен партия қатарына қосылдым. Бірақ формализмді, сырғыта салуды, нәтижесі жоқ іс-шараларды көргеннен кейін мен партия қатарынан шығуға шешім қабылдадым. Қазір бұл жерде көп нәрсе өзгерген. Сыбайлас жемқорлықтан шаршап, әлеуметтік әділетсіздіктен көңілі қалған адамдарға қарапайым адам үшін депутат болып, бұл қоғамға өзгеріс әкелу үшін үміткер болып отырмын, - деді Әлия Садырбаева.
Қоғам белсендісі бұқараны праймеризге қатысуға шақырды.
Қоғам өміріне өзгерістер енгізе аламын деген азаматтарға айтарым: келіңіздер, тіркеліңіздер, праймеризге қатысыңыздар. Егер әділетсіздік орын алса немесе әділетсіз шешімдер қабылданып жатса, үндемей қалмаңыздар, мұны ашық жария етіңіздер. Партияның бірінші орынбасары айтқандай, егер ереже бұзу фактілері тіркелсе, онда сайлауды жарамсыз деп тануға дейін іс жүргізіледі. Мен көп балалы ана ретінде, балаларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлемін. Барлық сұрақтың астарында әлеуметтік мәселелер жатыр, - деді ол.
Журналистер тарапынан Әлия Садырбаеваға мынадай сұрақ келіп түсті: Бұрын сіз «Нұр-Отан» басшылығын сынға алатын едіңіз? Қазір өзіңіз осы партияға өтіпсіз. Сонда не өзгерді? Енді партиялық ережеге сәйкес сіз партия басшылығын сынға ала алмайтыныңызды білесіз бе? Бұған үміткер былай деп жауап берді:
Алғаш рет 2016 жылы партияға мүше болдым. Партияның ол кездегі Төрағаның бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед еді. Одан кейін Мәулен Әшімбаев келді. Мен кеткен соң Бауыржан Байбек келді. Қазір проблемаларды ашық айтатын уақыт келді. Нұр Отан партиясы сын пікірлерді қабылдап, жағдайды дұрыстауға мүдделі екеніне көз жеткіздім. Менің 2017-2018 жылдары отбасыларды қолдау орталықтары жайлы айтқан ұсыныстарым немесе орталық аппаратқа жолдаған шағымдарым назарға алынбаған. Қазір мен бұл пікірлерді ашық айтып жүрмін. Бірақ қабылдау жағы басқаша. Партия басшылығы менің айтқандарыма құлақ түріп жүр. Мен қарапайым адамдарға көмектесемін. Мен өзімнің позициямды ашық және анық айтып жүргеніме біраз уақыт болды. Соған қарамастан, мені партияға, праймеризге шақырды. «Нұр-Отан» алаңында жүріп, мен 10 немесе одан да көп есе адамдарға көмектесе аламын, ал жәй ғана Әлия Садырбаева болып көмектессем, менің қолым қысқа болуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, біз халыққа көмектесуді көбейте аламыз деп ойлаймын. «Мүмкін емес, бұл болмайды» деп отыра бермей, бәріміз қатысып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, нәтиже болады, халықтың сенімі келеді, - деді праймеризге үміткер.
Онлайн байланысқа шыққан тағы бір журналист халықтың көпшілігі саяси конкуренция мен әділ сайлаудың жоқ екенін, сонымен қатар осы кезге дейінгі барлық сайлау демократиялық түрде ашық әрі әділ болмағанын айтты. Саясаттанушы Ерлан Сайыров бұл пікірге: «демократияға бәріміз бірге атсалыссақ қана жетеміз», – деп жауап берді.
Егер біз осылай отырып алып, демократия жоқ деп есептеп, ешбір саяси шараға, сайлауға қатыспайтын болсақ, онда мүлдем демократиялы ел болмаймыз. Демократия – бұл процесс. Процессті жүргізетін – халық. Көпшіліктің түсінігі бойынша саяси реформалар тек Нұр-Сұлтан қаласында өту керек деп ойлайды. Жоқ, саяси процесстер өңірлік мәслихаттардан бастау алады. Мәслихатқа жергілікті әкімдіктің сөзін сөйлейтін емес, оларға қарсы сөйлей алатын депутаттар келсе, міне, сол кезде біздің елде саяси реформалар басталды деп айта аламыз, - деді Е.Сайыров.
Қарапайым халықтың нақты проблемаларын шеше алатын шынайы үміткерді анықтау мүмкін бе? - деген журналист сауалына Ғалым Байтөктің жауабы былай болды:
Саясатта қатаң догмат болмау керек. Конструктивті ойы бар және оны ашық білдіруге қорықпайтын үміткер көп. Олар өздерінің пікірін қорықпай айта алады, сынай алады, сол арқылы қоғамға көмектеседі, көмектесу арқылы өзгерістер әкеле алады. Сондықтан праймериз кезінде көптеген үміткерлер «ашылады», жаңа қырынан көріне алады. Оларға қолдау білдірсек болғаны, - деді ол.