НАУРЫЗ мейрамы: Наурыз көжені дайындау әдісі
Наурыз мейрамын қазақтың ұлттық мерекелік асы Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Strategy2050.kz тілшісі осы астың дайындалу жолын көрсетті.
Наурыз көжеге 7 түрлі дәм қосылады.
Оның алғашқысы – су. Су –тіршілік көзі. Наурызкөженің де негізі су болып табылады. Бұның да астарында - өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек.
Наурыз көженің екінші дәмі – қазақтың төл асы ет. Ет әр қазаққа күш беретін ең сүйікті әрі татымды асы. Қазақы дастарқанның берекесі. «Ұзынсарыға» сақталған сүрі етті, қазыны, шұжықты қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен тұтастай Наурызкөжеге салып қайнатады.
Үшінші ас – тұз. Тұз кез келген астыңдәмін келтіреді. Ет бір қайнаған соң көбігін алады да отты орташа етіп қояды. Осылайша 2,5 сағат бойы баппен қайнатады. Ет жұмсарып піскен соң, оны сүзіп алады да, майда етіп турайды. Еттің сорпасын бір рет сүзгіден өткізіп алу керек.
Көжеге қосылатын тағы да дәм ол – дәнді дақылдар. Әр көже дайындаушының қалауына қарай көжеге арпа, бидай, тары, күріш сияқты дәндер қосылады.
Біз төртінші дәмге 200 гр күрішті қостық.
Бесінші дәмге 200 гр тары қостық. Наурызкөжеге дәнді дақыл қосудың бір мағынасы – бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек. Наурызда берілетін бата нышаны осы Наурызкөжеде де сайрап тұр.
Алтыншы дәмге біз ұн қостық. Бірақ ұнды бірден қайнаған сорпаға салуға болмайды. Оны салқын сумен шайқап салады.
Көжеге міндетті түрде айран немесе ақ құяды, құрт салады. Бұның да негізінде – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын деген ниеттен шығады. Қазақтың ұлттық тағамдарының көбіне осы сүттен жасалады. Қазіргі таңда нарықта қышқыл сүтті өнім ТАН сусыны бар.
Жетінші дәм етіп ТАН сусынының 1 литрін құйдық.
Наурыз көже осылайша жеңіл дайындалады.
Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!
Видео: Мақсат Рысбеков