Мақтаарал ауруханаларында коронавируспен ауырған науқас жоқ

02.05.2020 2391

Мақтаарал ауруханаларында COVID-19 инфекциясымен ауырған науқас жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Мақтаарал ауданындағы су тасқыны барша жұртты алаңдатып отыр. Қазіргі таңда аталған аймақта 4 елді мекеннен 5 400 адам эвакуацияланды. Тұрғындардың біразы туыс-туғанына кетсе, үш мыңға жуығы Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі 10 мектепке бөліп орналастырылды. Азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді», - делінген хабарламада.

Көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының облыстағы ошағы болғандықтан, көпшілікті осы сауал алаңдатуда.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада облыс бойынша 32 науқас ем алып жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларында бірде-бір науқас жоқ. Дәрігерлер қазіргі таңда эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шараны қолға алды. Халыққа антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада.