Коронавирустан кейін денсаулықты қалай қалпына келтіру қажет
Бүгін коронавирустық пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штаб пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен вебинарында медициналық сарапшылар коронавирустан кейін денсаулықты қалай қалпына келтіру қажеттігі туралы айтып берді. Сондай-ақ, медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасова психикалық белсенділікті қалпына келтіруге болатыны туралы баяндады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.
Медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасова коронавирус дертінен кейін невроз, вирустық интоксикация, сондай-ақ, ковидтің ауыр салдарының әсерінен ауыр пневмония, инсульт, инфаркт, тромбоз секілді аурулар адамдардың үштен бірінде кездесетінін атап өтті.
«Коронавирустан кейін стресс нәтижесі қолайсыздық тудырады. Атап айтақанда, дабыл, мазасыздық, көңіл-күйдің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, жылау,тітіркену сияқты әсерін тигізеді», - деді ол.
Сондай-ақ, ол вирустың әсерінен адам бойында әлсіздік, шаршау, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі сондай-ақ, иіс және дәм сезу қабілетінің төмендейтінін жеткізді. Оның айтуынша, коронавирус дертінің қаупі басқа ауруларға қарағанда әлдеқайда жоғары.
«Салыстырмалы қауіп covid-19-дан кейінгі неврологиялық немесе психиатриялық диагноз қою қаупі тұмауға қарағанда 44% жоғары және басқа тыныс жолдарының инфекцияларынан кейінгі қауіптен 16% жоғары екенінін атап өткім келеді», - деді Жібек Жолдасова.
Сондай-ақ, ол мазасыздықты жеңудің физиологиялық әдістерімен таныстырып өтті. Оның айтуынша, терең әрі баяу тыныс алу және ашнер рефлексі, сондай-ақ пакетте 1-3 минут дем алу жаттығулары арқылы айығу,а болады.
«Терең әрі баяу тыныс алу яғни 4 секунд тыныс алу, 8 секунд дем шығару, 15-20 рет қайталау және ашнер рефлексі саусақтарыңызбен көзге 10-15 рет басу, пакетте 1-3 минут дем алу арқылы бұл күйден шыға аласыз», - деді Жібек Жолдасова.
Сонымен қатар, ол коронавиурстан кейін қалай тез қалыпқа түсуге болатынын жеткізді. Атап айтқанда, орташа физикалық белсенділік, сұйықтықтың көп мөлшері дене салмағының жартысынан 7-10%-ы, дұрыс тамақтану тез қалыпқа түсіреді.
«Сондай-ақ, дәрігердің кеңесі, вакцина алу, ситуациялық ойлау және қазір күле алатын өміріңіздегі жағдайларды есіңізде сақтау керектігін айтқым келеді», - деді ол.
Ковид кезінде нейрондық зақымдану белгілеріне тоқталып өтті. Оның сөзінше, нейрофиламенттің жеңіл тізбегінің плазмалық концентрациялары,глиальды фибриллярлы ақуыз зақымдану белгілері болып табылады.