Кадрлық резервті жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылды - Қ.Тоқаев
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен жастармен кездесті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
"Бүгінгі кездесуіміздің мән-мағынасы ерекше. Қазақта "Жүзден жүйрік,мыңнан тұлпар" деген жақсы сөз бар. Сіздер Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін арнайы бәйгеде бақ сынап, алға шықтыңыздар. Өздеріңізге белгілі, кадрлық резервті жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Республика бойынша 13 мың адам қатысты, оның ішінде 300-ін іріктеп алдық", - деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент науқанға қатысқан барлық үміткерлерге ризашылығын білдіріп,олар назарда қалатынын айтты.
"Ел басқару ісіне араласатын таңдаулы жастардың қатарына қосылу зор мәртебе. Озық ойлы,бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпыбұл жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасызлар деп сенемін. Ең алдымен,мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, Тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттырып,тұрмыс сапасын жақсарту керек", - деді Президент.
Қ.Тоқаев билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту маңызды міндет екенін айтты.
"Осыған орай,халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатымен ауқымды реформалар қолға алынды. Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып отыр", - деді Президент.
Айта кетейік, Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру міндеті қойылды.
Аягөз Құрмаш