Елордада құтқарушылар күні атап өтілді
Бүгін құтқарушылар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті осы жазда ашылған құтқарушылар скверінің аумағында саябағында құтқарушылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Жиында ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
Жиын барысында гарнизонның жеке құрамын ТЖД бастығы полковник Қуанар Базарбаев салтанатты түрде құттықтап, жас қызметкерлердің антын салтанатты түрде қабылдады.
«Құтқарушы мамандығы-жоғары және жауапты мамандық, оның басты міндеті адам өмірін құтқару болып табылады. Ерлік, батылдық пен абырой - бұл әрбір қазақстандық құтқарушыға тән, күнделікті жұмыста да, ең қиын жағдайларда да көрініс табатын қасиеттер», - деді Қуанар Базарбаев.
Сондай-ақ, сауатты және нақты үйлестірілген іс-қимылдардың арқасында жүздеген азаматтарымыз құтқарылған.Ағымдағы жылдың 9 айында елордалық құтқарушылардың күшімен 317 адам құтқарылды, үйінділер мен өрттерден 408 адам эвакуацияланды. Тоғыз ай ішінде елордалық гарнизонның құтқару бөлімшелері 4185 жедел шығуды жүзеге асырды, "112" пультіне халықтан 508 236 қоңырау түскен.
Салтанатты іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен осы саланың ардагерлері қатысты. Сонымен қатар, жас құтқарушы Жәнібек Әлішер қызметке қалай келгені туралы айтып берді.
Ол қазіргі уақытта Технология, бизнес университетінде құтқарушы мамандығы бойынша білім алуда. Ол бұл салаға өз еркімен келгенін айтып өтіп, бала күнгі арманым құтқарушы болу екендігін жеткізді.
«Үлкен ағаларым да осы мамандықта оқыған. Кішкентайымнан ағаларымның формаларын, олардың құтқарушы екенін көріп өскендіктен, өзімнің де осы салаға келетінімді білдім», - деді Жәнібек Әлішер.
Ол өз сөзінде алдағы уақытта жалынмен, ажалмен бетпе-бет келгенде батылдық танытатынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл салаға келетін құтқарушылар алдын ала нақты шешім қабылдап келеді деп ойлайды.
«Өйткені, әр құтқарушыны үйінде күтіп отырған ата-анасы, бала-шағасы, отбасы бар. Қазақта «ер ел үшін туады» деген жақсы сөз бар. Бәрі тек отбасын ғана ойлай берсе, елімізді кім қорғайды?»- деді Жәнібек Әлішер.