Елордада «Ұлы даланың киелі мұрасы – ұлттық домбыра» атты кездесу өтті

26.09.2019 1951

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырумен «Ұлы даланың киелі мұрасы – ұлттық домбыра» атты шығармашылық кездесу кеші өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz. 

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі жыраушы Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серілерден бастау алған Арқа әншілік мектебінің жалғастырушы өкілі Ерлан Рысқали мен ұлттық аспапты жасау шебері әрі әнші Тельман Құжиманов қатысып, жиналған қауымға өнер, жыраулық дәстүр жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. 

Алғашқы болып сөз алған А.Алматов ежелгі дәуірден қалыптасып бүгінге жеткен жыраулық дәстүр жайлы әңгіме өрбітті. Соның ішінде ол Орхон- Енисей кезеңін қамтып өтіп, ұлттық салт-дәстүрмен сабақтасып жатқан жыраулық дәстүрдің бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі кезде 550-ден аса жыраулық дастан бар. Кеш барысында ол «Жыр бастау» атты туындыны орындап, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.

Өнер әлемінде Қазақстанға ғана емес, жалпы шетелге танымал Е. Рысқалидың Лондонда «Маңмангер» атты ән жинағы шығарылған. Ол бұл іс-шарада жыраулық дәстүрдің ерекшелігіне тоқталып, оның қоршаған орта мен табиғатпен байланысын туралы айтты. Өз кезегінде ол Біржан салдың әнін орындады.

Ал Тельман Құжиманов ұлттық аспапты әзірлеу әдісінің қыр-сырын көпшілікке жіті түсіндіріп, М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін орындап берді.