Елордада екі бірдей оңалту орталығы салынады

25.09.2019 1125

Елордада екі бірдей оңалту орталығы салынады. Бұл туралы елорда басшысы Алтай Көлгінов ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесу барысында айтты. Айта кетейік, 21-23 қыркүйек аралығында елорда әкімі А. Көлгінов азаматтарды 68 адамды жеке қабылдады. Үш айдан аз уақыт ішінде елорда әкімі 445 адамды қабылдады, деп хабарлады Strategy2050.kz.

«Астанамызда бірі мемлекет қаржысына, екіншісі жеке инвестор есебінен екі бірдей оңалту орталығы салынады. Сіздердің балаларыңызға қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, ипподромның аумағында иппотерапия орталығы бой көтереді. Бұл да сіздердің балаларыңыз үшін үлкен қолдау болмақ. Бұдан бөлек, сұранысқа сәйкес қаламызда инватаксилердің санын көбейту жоспарда тұр, жақында іске асады», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қала басшысымен кездесуге келген ата-аналар баспана мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, мессенджер чаттарда тұрғын үйге кезекте тұру туралы жалған ақпараттар тараған.

Тіпті, чаттардың админдері елде болып жатқан толқуларға қатыспаса, топтан шығарып, тұрғын үй бағдарламаларына бұдан былай қатысуға мүмкіндік бермейтінін айтқан.

«Чатта егер біз алаңға шықпасақ, бізді топтан шығаратындарын және де бұдан былай еш тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмайтындығымыз туралы айтылды. Кезекке сәйкес пәтер берілмейтіндігі туралы да айтылды. Сол күні балам ауырып, алаңға шықпадым. Алаңға шықпағаныма қуанамын. Олар бізді пайдалана отырып, өз мәселелерін заңсыз жолмен шешкісі келді", - деді қала тұрғыны.

Ал, өз кезегінде қала басшысы әкімдіктегі үй кезегінің қатаң сақталатындығына айтып, ата-аналарды өзгелерге кезексіз шешіп берді деген секілді ақпаратқа сенбеуге шақырды. Сондай ақ, ол бұдан былай қолжетімді баспана бұрынғыдан да үш есе көп салынатынын атап өтті.

«Қаламызда тұрғын үйге сұраныс өте жоғары. Осы мәселені ескеріп, Мемлекет басшысы қолжетімді баспана бұрынғыдан үш есе көп салуды тапсырды. Әкімдікте үй кезегі қатаң сақталады. Өзгелерге кезексіз шешіп берді деген қауесетке сенбеңіздер. 47 600 адам үй кезегінде тұр. Кезексіз үй берілсе, заңға бағынып кезегін күтіп отырған азаматтардың құқығын қалай аяқ асты етеміз? Сондықтан барлығын заң аясында қарастырамыз», - деді Алтай Көлгінов.

Бұдан бөлек, жақында Президенттің тапсырмасымен «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылғанын атап өтті. Орталық арқылы ата-аналар сауалдарына жауап таба алады деді әкім.