"Еңбек Даңқы" орденін алған шопан әсерімен бөлісті

12.12.2019 7156

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірқатар мемлекеттік наградаларды табыстады. Солардың ішінде III дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденін алған  Есет Өтесов өз әсерімен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Жайлау" ЖШС бас шопаны Есет Өтесов орденін алу үшін ұшаққа алғаш мініп,тұңғыш рет елордаға келіп отыр.

"Маңғыстау облысы, Түпқарағай ауданынан келдім. 1988 жылдан бастап шопан болып жұмыс істеймін. Әкем өмір бойы мал баққан. Маған мұра қылып қалдырған",-деді ол.

Сондай-ақ,шопан мал бағудың берекесі мен қиындығын да атап өтті.

"Мал бағу өте оңай емес шаруа. Марапат туралы 5-6 күн бұрын естідім. 2 қыз бен 2 ұлым бар. Үйге жеткен соң марапатымды алдымен отбасыма көрсетемін. Өте қуаныштымын",-деді Е.Өтесов.

Аягөз Құрмаш