Дағдарыстар уақыты: шығар жол қайсы
Бүгінгі әлем бір уақытта бірнеше дағдарысқа душар болды. АҚШ-Қытай сауда текетіресі, COVID-19 пандемиясы, мұнай дағдарысы – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер. Нәтижесінде әлемді 2009 жылғы рецессиялар емес, ауқымы 1930 жылдардағы депрессиямен тең экономикалық құлдырау күтіп тұрған сыңайлы. Бұл миграция, авиация, туризм, жұмыспен қамтуға үлкен соққы болмақ. Ал осы депрессияның адамзатқа берген басты сабағы – жаһандық протекционизмнің артуы, сауда мен капиталдың ағымын тоқтату, қысылтаяң шақта өзара қолдау көрсетпеу. «Әр мемлекет тек өзі үшін» деген принцип кез-келген жаһандық экономикалық дағдарыстың тікелей себебі болып отыр. Жібек жолымен тек тауар-өнім, дін мен мәдениет, ақша мен идея ғана емес, ауру-індет те таралатынын көріп отырмыз.
Жаһандағы жалпы жағдай
Биылғы жылы қатар келген жаһандық факторлар қаржы-экономикалық дағдарысты күрделендіріп жіберді. Мемлекеттер өз азаматтарының денсаулығы мен ел экономикасын күйретіп алмаудың алтын ортасын іздеп бағуда. Осы жағдайда мемлекет әлемдік сахнадағы негізгі акторға айналды. Шекараны жабатын, төтенше жағдай орнататын, дағдарыстың алдын-алу мен шығу жолдарын жедел ұйымдастыратын – мемлекет. Демократия мен авторитаризмнің мән-маңызы жоғалып, «басқа түссе баспақшыл» болған пандемияның пәрменін тоқтатудағы мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен сапасы алдыңғы орынға шықты. Азаматтар өз құқықтарымен қатар міндеттерін орындауы қажет болған шақта өзара жауапкершілік пен қолдаудың өзектілігі артты. Осы принциптерді ұстанған мемлекеттерде салыстырмалы түрде адам шығыны мен COVID-19 жұқтырушылар саны аз. Халықаралық деңгейде жекелеген мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың арқасында өзара гуманитарлық көмектер жасалуда. Дегенмен олардың технологиялық текетіресі мен сауда соғысы қиын-қыстау шақта да басылмай тұр.
Қазір әлем, әсіресе оның жетекші державалары ортақ проблемамен жұмыла күресетін уақытта «жаға жыртысу» жалғасып келеді. COVID-19 пандемиясының Қытайдың Ухань қаласында күрт тарап, батыс елдерінде анықталғанда антиқытайлық үндеулер көріне бастады. Оған «национализм», «нәсілдік дискриминация» деп те баға берілді. Ал, сәуірде 76 күн карантинде болған Ухань қайта қалыпты тіршілігіне келген соң, қытайлық блогерлер шетелдіктерді қоқысқа теңеп, оны «сұраптау» жөнінде анимация шығарды. «COVID-19 қайдан шықты?» деген сұраққа АҚШ-Қытайдың ақпараттық соғысы да толастайтын емес.
Қытай сарапшысы Кэюй Цзиннің пікірінше, Covid-19 тудырған дағдарыс осы екі мемлекеттің өзара кінә артуын доғарып, бітімге келудің жаңа жолдарын да ашады. Пандемия Қытайдың жаңа, нығайып келе жатқан держава ретінде стратегиялық мәселелерін шешуге, АҚШ пен басқа елдердің сеніміне ие болуына мүмкіндік береді. Оған осы жолғы медициналық құралдарды жөнелтуін мысалға келтіреміз. Нақты іс-қимыл арқылы Қытай осындай сәтте геосаяси қызығушылықтарға емес, конфуцийлік мораль және ұзақмерзімді мүдделерін көздеу арқылы беделін қайта қалпына келтіруге тырысады. Бұл да Қытайдың «жұмсақ күші» деп есептеуімізге болады. Ал, өзінің ресурстық мүмкіндіктеріне қарамастан, АҚШ қоғамдық тәртіп пен денсаулық сақтау салаларын ұйымдастыруда дамушы мемлекеттерге үлгі бола алмай отыр. Дамушы мемлекеттердегі пандемияның таралуына қарсы күресте де АҚШ-тың держава ретінде белсенді көмегі байқалмайды. АҚШ басты назарды ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуына бұруы осының себебі болса керек.
Бұл пандемия иммиграция мен қаржы мәселесінде бір шешімге келмеген Еуропалық Одақтың ауызбіршілігіне соққы болуда. Бірақ Еуропалық Одақтың құрамына еніп жатқан елдер де бар. Мәселен, Албания мен Солтүстік Македония одаққа кірудің қамын жасап жатыр. Сарапшылар Еуропалық Одақ пен өзінің ішкі проблемаларына назары ауған АҚШ-тың арасындағы алшақтық арта түсетінін айтады. Пандемия соққысын Шығыс Азиялық мемлекеттер, Жапония, Оңтүстік Корея мен Тайван провинциясы ойдағыдай тойтара білді. Қытай мен АҚШ арасындағы қарама-қайшылықтар өршіп тұрғанда шығыс елдері үшін ұлттық мүдде мен дербес қаржы-экономикалық қызығушылықтар маңызды бола түседі. Индия үкіметі де вирусты тойтаруға байланысты дер кезінде шешімдер қабылдады, бірақ оның нәтижесі туралы айтуға әлі ерте. COVID-19 солтүстік көршіміз Ресейдің де ішкі-сыртқы саясатының беталысына бірқатар өзгерістер енгізеді.
Мұнай дағдарысы - «жығылғанға жұдырық».
Пандемияның пәрменінен теңселіп қалған әлем үшін мұнай дағдарысы «жығылғанға жұдырық» болды. 2020 жылы 6 наурызда Сауд Арабиясы, Ресей мен ОПЕК+ құрамына кіретін басқа мемлекеттер мұнай өндіруді қосымша төмендету бойынша келісімге келе алмады. Негізі, коалиция мүшелері тәулігіне 1-1,5 млн баррельге дейін мұнай өндірісін қысқартады деп күтілген еді. Бірақ олай болған жоқ. Осылайша, 2017 жылдан бастап орындалып келе жатқан ОПЕК құрамына кіретін және кірмейтін елдердің мұнай өндірісін ерікті түрде төмендету келісімі іске аспады. Соңғы келісімдер бойынша елдер 2019 жылдың соңына дейін өткен жылғы қазандағы деңгейден 1,2 млн баррельге дейін төмендетуі керек еді. Ал 2020 жылдың бірінші тоқсанында мұнай өндіруді тәулігіне 0,5 млн баррельге түсіруді уағдаласқан. Енді 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап ірі мұнай өндіруші елдердің арасында квота бойынша ешқандай міндеттемелер болмайды. Мәскеу Карнеги орталығының сарапшысы Е.Грушевенко жазғандай, келісім бұзылған соң, 9 наурызда биржалардың ашылуында Brent бағасы 30 пайызға дейін құлады, WTI бағасы барреліне 30 доллар болды. Сауд Арабиясы осы кезде мұнайдың баррелін 6-7 долларға жеңілдікпен сатып, тәулігіне 12 млн баррельге дейін өндіретінін бейресми жариялады. Мұнай соғысы осы сәттен қыза түсті.
Мұнай рыногындағы дағдарыс туралы әртүрлі конспирологиялық теорияларды ғаламтордан жиі кездестіреміз. Кейбіреулер, мұнай өндірісін күрт өсіру және оның бағасының құлауы Ресейге қарсы жасалған қадам, ал енді бірі бұл Ресейдің сайлау алдындағы жасалған әрекеті деп айтады. Алайда рынокта жоғары не төмен емес, тұрақты баға және алдын-ала келісілген шешімдердің қажет екендігі рас. Биылғы жылғы Қытай мен АҚШ сауда соғысы, коронавирус және мұнай дағдарысы үш жағынан әлем халқын қыспаққа алып жіберді.
Сауда соғысынан саясатқа қарай
Екі жылда АҚШ-Қытай арасындағы шиеленісіп кеткен сауда соғысы өткен жылдың 15 желтоқсанында шешімін табатындай болып көрінген. АҚШ Президенті Д.Трамп пен Қытай тарапынан вице-премьер Лю Хэ сауда келісімінің алғашқы фазасы бойынша қол алысты. Ақпарат құралдары Д.Трамптың Қытай Үкіметін мойындатып тынғанын, ал тағы бір жартысы Қытайдың ұзақмерзімді мүддені көздеп отырғанын айтты. Тіпті, кейбірі бұл келісімнің уақытша екендігін, Д.Трамп одан айнып шыға келуі мүмкіндігін жазып жатты. Шынымен, қазіргі дәуір – белгісіздік пен тұрақсыздықтың уақыты. Аталған келісімге қол қойылған соң, бірнеше күн өтер-өтпестен Орталық Қытайдағы ірі өндіріс ошағы – Ухань қаласында вирустың COVID-19 аталған жаңа түрі бұрқ ете қалды. Қытайдың көктем мерекесімен қатар келген коронавирустың себебінен өндіріс орындары бірнеше айға тоқтады. Қалада қатаң карантин жарияланып, мемлекет барлық байланысына шектеу қойды. Бұл шешімдер тұтыну, өндіріс пен Қытайдың экспортына тікелей әсер етті. Әлемдік ірі энергетикалық тұтынушының, екінші экономика мен ірі инвестордың оқшаулануы жаһандық экономиканы теңселтіп жібергені белгілі. Нақтырақ айтатын болсақ, Қытай экспорты 2020 жылдың қаңтар-ақпанында өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға төмендеді. Сонымен қоса, 2018 жылдың наурыз айынан бері 7,1 млрд доллар көлемінде сауда дефициті туындаған. Осындай факторлар Қытайдың АҚШ-пен сауда келісімінде белгіленген 77 млрд доллар сомасындағы ауылшаруашылық, энергетикалық өнімдерді, өндірістік тауарларды алу мүмкіншілігіне күмән тудырады.
Екі жыл бойындағы сауда соғысынан кейін америкалық компаниялар да сауда-инвестициялық байланысқа қан жүгіретініне үміттеніп отырған. Дегенмен, COVID-19 қайтадан белгісіздік жағдайын тудырды. Америкалық сауда палатасының зерттеуі бойынша, 28 пайыз респонденттер Қытайдағы АҚШ инвестициясын тоқтатуға коронавирус себеп болған дейді. Қазіргі статус-квода екі мемлекет келіскен 77 млрд АҚШ долларының тауары мен қызметі орындалмай қалуы да ықтимал. Бұл қос державаның арасындағы сауда текетіресін қайта үдетіп, оны қаржы-экономикалық сатыдан саяси-мәдени дәрежеге көтеріп жібереді. Биылғы жылдың алғашқы 2 айында Қытайға АҚШ-тан импорт 2,5%-ға өскен, бірақ экспорт көлемі 27,7%-ға төмендеген. Экспорттың бұлай төмендеуіне қаңтар-ақпандағы Қытай фабрикаларының жабылуы себеп болды.
Десек те, Шанхайдағы Фудан университетінің профессоры Сунь Лицзянь Қытай экономикасы 1-тоқсандағыбелсенді күресі нәтижесінде жылдың соңында қалпына келеді деп санайды. Ол елдегі эпидемия қатаң бақыланып, мекемелер өз жұмысын жаңарта алатынын алға қояды. Қалай болғанда пандемия фонында АҚШ-ҚХР сауда соғысы, саяси, тіпті өркениеттік сипат алып бара жатыр.
Жоғарыда айтылған үш мемлекеттің мүддесі түйісетін Орталық Азияға ойыссақ. Орталық Азия – әрқашан сыртқы ойыншылардың арасында балансты сақтауға тырысатын аймақ. Қазіргі уақытта онымен байланыстың түрлі форматтары орнаған: АҚШ-тың «С5+1», Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясы, Индияның ОА-ны біріктіру саясаты, Жапония + Орталық Азия диалогы, Оңтүстік Кореяның «Еуразиялық инициативасы», Түрік кеңесі және т.б. АҚШ биылғы жылы ОА-ға қатысты жаңа стартегиясын жариялап, аймақтағы белсенділігін дипломатиялық қадамдарымен нығайтып жатыр. 2020 жылғы ақпандағы АҚШ Мемлекеттік хатшысы М.Помпеоның Қазақстан мен Өзбекстанға сапары да соны айғақтайды. Сол сапарында АҚШ дипломаты Қытайға қатысты батыл көзқарастарын айтқан еді. ҚХР СІМ ресми өкілдері, тіпті Қазақстандағы Қытай елшісі де осы тақырыптарға қатаң жауап қайтарып отырды. Ақпараттық айқас та жақын уақытта толастамайтынға ұқсайды. Еуроодақ ОА елдерінің басты инвесторларының бірі болғанымен, баланс біртіндеп Қытайға қарай ауып барады. Бұл басқалардың мазасын қашырып, «түн ұйқысын төрт бөлетіні» айтпаса да түсінікті.
Қорыта айтқанда...
Қазіргі жағдайда жетекші державалардың бәсекелестігі әлсіреген жоқ, керісінше үдеп бара жатыр. Ол ең алдымен Қытай мен АҚШ арасындағы текетіреске байланысты. Бұл текетірес бүгін басталған жоқ және ертең де аяқталмайтын сыңайлы. Тек сайлау қарсаңында немесе кейін «жылымық» орнау мүмкіншілігін де жоққа шығармаймыз. Қатаң қаржылық бәсекелестік пен сауда соғысының соңында АҚШ Қытайды жеңуі немесе Қытай АҚШ-тың орнындағы нөмір бірінші держава болуы маңызды емес. Сауда-энергетикалық, технологиялық-инвестициялық, people-to-people, яғни адами байланысы тығыз мемлекеттердің бірі жеңіп, екіншісі жеңіледі деу артық. Мұндай текетірестің нәтижесі нөлге тең екендігін бірқатар белгілі ғалымдар айтқан еді. COVID-19 пандемиясы аталған қос державаның денсаулық сақтау жүйесі мен саяси режимдерін күрделі сынаққа алды. Олардың екеуі де алғашында ішкі бюрократияның себебінен бірқатар кемшіліктерге жол беріп, кейін вирустың таралуына қарсы кешенді шараны қолға ала бастады. Мемлекеттер пандемияның қаупін бағалай алмауынан тұрғындардың денсаулығына нұқсан келтіріп қана қоймай, күрделі әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа душар болды. Коронавирустың бастапқы ошағы болған Қытайдың «беті бері қарай бастады», ал вирустың жаңа эпицентріне айналған АҚШ пен Еуропаның алдында тапжылмас күрес пен жедел іс-қимылдар күтіп тұр.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ