Қазақстан мен Қытай өзара сыртқы сауданы дамытады

13.09.2019 3416

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың 2019 жылғы 10-12 қыркүйекте Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі  Бақыт  Сұлтанов  және ҚХР Коммерция министрі Чжун Шань  ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Бұл құжат ішкі және сыртқы сауда, тауарлар мен қызметтер экспорты, кадрлар даярлау және ҚР мен ҚХР іскер топтары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қытай Қазақстан үшін дәстүрлі түрде негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Өткен жылы Қытаймен сауда айналымының үлесі Қазақстанның жалпы сауда айналымының 12,3%-ын құрады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 11,4%-ға өсіп, 11,7 млрд.АҚШ долл. құрады.

 Ағымдағы жылы біз екі ел арасындағы өзара сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқандығын байқап отырмыз. 2019 жылдың жеті айында тауар айналымы 8 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 31,2%-ға жоғары.

 Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және оның жоғары оң динамикасын сақтау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнату туралы келісімге қол жеткізілді. 

Қазақстандық тарап өзара саудада Қытайға  қазақстандық өнімнің экспортын 60 тауар позияциясы бойынша 1,6 млрд. АҚШ долл. ұлғайту арқылы  оң үрдісті нығайтуды ұсынды.